19.06.2020, 10:39
Оқылды: 815

Президенттен орден алған жаңақалалық шопан

Ойлы оқырманға белгілі, басылым бетіне еңбек майданының майталмандарын жиі жариялап келеміз. Себебі алдыңғы буын ағаларымыз тындырған шаруа, олардың адал еңбекпен жеткен жетістіктері замандастарымызға үлгі-өнеге болады деп сенеміз. Бұрынғыдан сәл бағытымызды өзгертіп, қалам арқылы мал шаруашылығымен айналысатын жандардың еңбегін көпке насихаттауды жөн көрдік. Өйткені Жаңақала ауданы үшін мал шаруашылығы таңсық дүние емес. Аудан тұрғындары ықылым заманнан бері төңірегін төрт түлікпен толтырған. Қыстау, күзеу, көктеу, жайлау сынды жерлерге қоныс аударып, мал басын арттырып, елдегі шаруашылықтың шатқаяқтап шетте қалмауы үшін тер төкті. Шопандар күн райының құбылғыш қасиетіне бой алдырмай, қиындығы мен қызығы мол қызметті абыроймен атқарды. Біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болатын қойшы да ғұмырын шаруашылықтың осы бағытына арнаған жан.

595CB5FC-84ED-4706-B0FF-ECF4BAC61AAB

Кейіпкеріміз Қойшыбай Темірешұлы Сапаров 1961 жылы Бірлік ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Теміреш Сапаров туған жерінен табан аудармай, бабадан қалған дәстүрді дәріптеп, шопан ата таяғын ұстап, ауылы – алтын бесігін өркендетуге үлес қосыпты. Қойшыбай ағамыз да ел қатарлы ауылдағы орта мектепті бітіргесін, әке жолын қуып, атакәсіптен алшақтамаған екен. Ол 1978 жылдан бері ашық аспан астында, дархан дала төсінде мал бағып келеді. Жастық шағында қырдағы жылқышыларға көмекші болып қызмет еткен. Бірақ кейін «оң жамбасыма жылқыдан гөрі қой ыңғайлы деп» шопан ата тұқымын көбейтуге атсалысады. Қазір ол Қанат Ешімов жетекшілік ететін республикаға танымал асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін Бірлік мал зауытында белді шопандардың бірі.

DAD233AB-F5FE-4492-B306-746C51BB5FF2

Біз Бірлік ауылына қарасты Денди қыстағына барғанымызда алпысты алқымдаған Қойшыбай ағамыз ат үстінде қойын қайырып, көңілді жүр екен. Аузын ашса жүрегі көрінетін шопанға амандасқан соң, әңгімеге тартқан едік.

– Қой бағу оңай дейсің бе, қарағым. Дегенмен аталарымыз мал өсіріп, жан бақты. Малын сатып ұлын оқытып, қызын құтты ұясына қондырды. Анау аштық жылдары да қазақ халқы малдың арқасында нәубеттен аман қалды. Халқымыз «Мал өсірсең, қой өсір – өнімі оның көл-көсір» деп бекер айтпаған шығар. Қойда да табыс бар, береке бар. Әрі еті денсаулығыңа өте пайдалы. Жасым алпысқа жақындаса да әлі күнге дейін қатты ауырып, денсаулығым сыр беріп көрген жоқ. Мүмкін, әр күн сайын атқа мініп, қимылдап, қозғалып қой баққасын шығар...

Өткенді қайтара алмайсың. Осы күніме еш өкінішім жоқ. Елдің бәрі бастық, министр болуы міндет емес қой. Шүкір, бақыттымын. Аяулы анам, асыл жарым, үш гүлім, жиендерім бар. Жағдайымыз жақсы. Жалақымыз уақтылы төленеді. Еңбегіміз де ескерусіз қалып жатқан жоқ. Өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Орал қаласында болдым. Сол кезде облыс әкімі Ғали Есқалиев малшылардың еңбегі бағалатынын айтып, құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін табыстады. Бұл құрмет - менің отбасым үшін үлкен мәртебе болғанын жасырмаймын. Бұдан бөлек те облыс, аудан әкімдерінің алғысхаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталдым. Еңбегімізді елеген басшылардың бәріне шынайы алғысымды білдіремін. Атакәсіпті жалғастырып, шопан болғаныма мақтанамын,-дейді Қойшыбай ағамыз сабырлы қалпымен.

 Шопанның да айтары бар

Иә, қой бағу - қиын кәсіп. Бұған жігіттің жігіті, мықтының мықтысы ғана шыдайды. Салқын кабинеттегі жұмыстан шаршап жүргендер шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстылығы мен қаңтар-ақпанның ақырған аязына шыдайтын шопандардың жанкештілігін түсіне ме екен?.. Қазір ешкімнің қой баққысы келмейтіні анық. Малшы жетіспейді. Осыған орай кейіпкеріміз Қойшыбай ағамыздың да ойын білдік. Тәжірбиелі шопанға «Жалпы, жастар мал бағуға неге қызықпайды? Жалақыға жалтақтағаннан гөрі, өз кәсібінің иесі болған жақсы емес пе?»  деген сауалымызды тікелей қойдық.

– Қазіргі жастар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Мал ұстаудың қызығынан қиындығы көп қой. Күн демейсің, түн демейсің, 24 сағат малдың артындамыз. Шөбі мен суы, жемі бар. Ауа райының қолайсыздығынан, жыртқыштардан қорғау керек. Алайда әр кәсіптің өз несібесі бар. Мысалы, малың болса еті – азық, жүні – киім, төсек-көрпе, сүтін де сатуға болады. Еңбек етсең, пайда шаш-етектен. Қазір малдың бағасы да едәуір өсті. Бізді сол жағы қуантады. Малдың арқасында ауылдағы көп жігіттер соңғы үлгідегі көлік мініп, қаладан үй алып жатыр. «Еңбек етсең емерсің» деген осы. Қой кешегі өндіріс тоқтаған, еңбекақы мен зейнетақы көзден бұл-бұл ұшқан қиын кезеңдерде де қазақтың берекесін сақтап, ақша орнына жүрді, азығы да, киімі де болды,-деп сөзін аяқтады кейіпкеріміз. Біз де азаннан кешке дейін бір тыным көрмейтін, еңбекқор шопанға амандық-саулық тілеп, малды ауылдан аттанып кеттік.

21899255-EEF2-4F45-915B-880D57D4ECEE

P.S «Балықшы дауылда, егінші жауында, малшы өлгенде тынады» деген тәмсілге сүйенсек, төрт мезгілде де тыным таппай маңдайы күнге күйіп, табаны тасқа тиіп тер төгетін нағыз еңбеккерлер – қойшылар. Олар әрқашан қарбалас қимылдың қызу құшағында жүреді. Дала өрісіндегі өмірі жылжыған жылдармен жалғаса береді. Қой шаруашылығын атакәсібім деп ардақтаған Қойшыбай Сапаровтай азаматтар қай құрметке де лайық екені даусыз.

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

  zhaikpress.kz

 Қанат Ешімов, Бірлік мал зауытының директоры:

- Қойшыбай Темірешұлы - өз ісіне адал азаматтардың бірі. Ол «Қой шелді болмай, төлді болмайды» деген тәмсілді ту етіп, мал күтіміне айрықша мән беріп, жылдың қай мезгілінде де барлығына бірдей қарап, алынған төлді аман өсіруді өзінің бұлжымас міндеті санаған жан. Шопанның тағы бір ерекшелігі, ол арнайы тапсырма күтіп отырмайды. Қолы қалт етсе, қорадағы қойлардың жай-күйін біліп, әсіресе, жаз айларында санитарлық, емдеу-профилактикалық жұмыстарын уақтылы атқаруға дағдыланған. Мұның барлығын бәзбіреулер сияқты шаршап-шалдығып емес, ыждағаттылықпен іске асырады. Сондықтан Қ.Темірешұлының еңбегін жоғары бағалаймын. Деніне саулық, отбасына амандық тілеймін!

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале