17.07.2020, 11:23
Оқылды: 212

Пятимар тоғайын таза ұстайық!

Қазақ дархан даланы, таза, тұнық ауаны сүйген халық. Сондықтан болар төрт қабырғаға қамалып жатқанды құп көрмейтін елміз. Көктем келсе, жаз шықса көңіліміз дала жаққа ауып тұрады. Әсіресе, жаз демалысқа таптырмас мезгіл. Бұрын жаңақалалықтар сенбі-жексенбіде аудан орталығына жақын Соркөлдің суына шомылып, жағасында арқа-жарқа, мәз-майрам болып, қызықты демалыс ұйымдастыратын еді. Қазір Соркөлдің суы тартылғасын ба, жағасынан бірлі-жарым адам болмаса, көп ешкімді кездестірмейсіз. Жанға жайлы, көңілге сайлы орын болса, адам баласы қашықтығына да қарамайды екен. Бүгінгі таңда жерлестеріміздің жиі бас қосып, бой сергітіп, тұмса табиғаттан қуат алатын жері Пятимар тоғайының маңайы болып тұр.

2305AD10-D038-47B8-93E8-D1EB864DA4ED

Бұл жерге қанша барсаңыз да қаптаған халықты көресіз. Кейде ине шаншар орын болмайды. Бірі отбасымен, бірі дос-жарандарымен, енді бірі әріптестерімен жылы жүздесіп, сыр шертіп, әсерлі әңгіме-дүкен құрып, арқаны кеңге салып жатады. Иә, күйбең тірліктен бір сәтке жырақтап, сейіл-серуен құрып, демалғанда тұрған ештеңе жоқ шығар. Хош... Біздің негізгі айтпағымыз бұл емес. Пятимар тоғайы - сұлу жер, көрікті мекен, демалуға таптырмас орын. Десек те, қазіргі таңда тоғай жағасының тазалығы сын көтермейді. Әр жерде шарап пен сыраның шашылған қорабы. Тұрмыстық заттардың қалдығы. Не керек, айналасы толған күл-қоқыс, шөп-шалам. Бұған кім кінәлі? Табиғат-ананы осылай қорлап қоямыз ба?

Ауыл әкімі тазалық жұмысын ұйымдастырды. Бірақ...

Тоғайдың тазалығын жергілікті атқарушы билік қолға алмаса болатын емес. 1-2 жерге қоқыс салатын арнайы контейнер қойылса деген ұсыныс бар. Осы мәселені қаузау барысында Пятимар ауылдық округінің әкімі Жақсылық Хайреловке хабарласып, мән-жайды айтқан едік.

- Ауданымыздың демалыс ордасына айналған Пятимар тоғайына жанұясымен, достарымен келіп, демалатын халықтың қарасы көп. Көп болуының жөні де бар шығар. Өйткені аудан көлемінде табиғаты ең әсем жер Пятимар тоғайы десем, артық айтқандық емес. Бұл жерде карантин болмаған уақытта көптеген басқосулар болып, іс-шаралар өтетін. Биыл да аудандық іс-шараларды жасауды ұйғарып жүр едік. Дегенмен карантин режимі болған соң, тоқтатып отырмыз. Аталмыш тоғайға барып халықтан карантин режимін сақтауды да айтудан кенде емеспіз. Күні кеше Жаңақала және Пятимар ауылының жастары болып тазалық жұмыстарын жүргіздік. Жағдай мәз емес. 1 газель автокөлігі толы қоқыс шықты.

2C68B751-F4B5-404E-BDF4-A89B99C62B42

Алдағы күндері қоқыс тастайын орын дайындап, қазып қою жоспарымызда бар. Бірақ, оныда дұрыстап зерттеп алу қажет. Экологияға кесел келтірмей ме, сол жағын анықтау керек. «Қоқыс контейнері неге қойылмайды?» деген сауал қойылып жүр. Орынды сауал. Біздің зерттеуімізге қарағанда 3 қоқыс контейнері бір аптада толып қалады екен. Ал қоқыс контейнерін төгетін мусоровоз біздің ауылымызда жоқ. Тек аудан орталығында ғана бар. Апта сайын ол мусоровозды шақырту қиынға соғатыны сөзсіз.

Менің халыққа айтарым, әр демалушы өз қоқысын алып кетіп,  арнайы орынға апарып төксе, бәрімізге де тиімді болары хақ. Әсем табиғатымызды өзіміз күтіп ұстамасақ, басқа ешкім келіп тазаламайтынын естен шығармайық. Қайта келетін орынымызды аялайық,- дейді ауыл әкімі. Жақсылық – жас әкім. Жас болса да Пятимарға барғалы біраз шаруа тындырды. Жақында Пятимар ауылы және аудан жастарын ұйымдастырып, тоғай маңын қоқыстан түгелдей тазалады. Тұрғындарды тазалыққа шақырып, бастама көтерді. Өкінішке орай, тоғай маңын саялаған демалушылар бір күннен соң тұтынған азық-түліктерінің қалдықтарын шашып, төгіп кетіпті. Бұл не бассыздық? Тазалап берген жерді де таза ұстауға көп күш керек пе?

Тазалық баршаға ортақ. Кінә кімнен?

Күнделікті көріп жүргеніміздей, өмірдегі өзекті мәселенің бірі – тазалық. Себебі тазалық – өмір айнасы, иманның жартысы. Ол болмаған жерде бейберекетсіздік ендеп, қоғамда қауіпті жағдайлар орын алып, адам денсаулығына зиянды факторлар пайда болуы ғажап емес. Бұлай деуімізге Қытай елінде тараған «коронавирус» себеп болуда. Яғни, тазалық сақталмаған жағдайда инфекциялық түрлі ауру-сырқау тарайтынын ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан санитарлық жұмыстардың жүйелі жүргізілуінің мәні осында. Бұл – бір. Екіншіден, тұрмыстық қатты қалдықтар кез келген жерде шашылып жатса, Пятимар тоғайының көркі бұзылып, сәні қашары сөзсіз. Мұны әркез ескеруіміз керек. Әжелеріміз «Лас жер – жын-шайтанның мекені. Отырған, жүрген жерлеріңді таза ұстаңдар. Айналаңа қоқыс тастама» деп отыратын. Жарықтықтар адам қажеттілігін терең философиямен жеткізіп кеткен екен-ау.

«Ауылына қарап азаматын таны» дейді атам қазақ. Сырттан қараған сыншыл көз ауданымызға қызыға қараса мақтаныш емес пе? Осы ретте, Пятимар тоғайының айналасын таза ұстап, қайта гүлдендіре, құлпырта түссек, ешкім кедергі болмас. Қолда барымызды бағалап, қадірін білейік, ағайын!

Алтынбек Ермекқалиев

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

Закария Сисенғали, аудандық мәслихат хатшысы:

- Пятимар тоғайының жағасында кезінде кімдер отырмады, кімдер демалмады десеңізші? Қали бабамыз, Нұрғиса Тілендиевтің өзі түгел оркестрімен, тағы да басқа келген қадірлі қонақтар тоғайды саялап, демалып отырған кездер болып еді. Сонымен қатар керемет ауыл шаруашылығы күндері, әртүрлі мерекелі күндер сол жерде атап өтілетін еді. Ал қазіргі ахуалы мүлдем нашар. Айналасы қоқысқа толып, бұрынғы ажарын жоғалтып бара жатыр. Енді менің айтпағым, тоғайды бұрынғы қалпына келтіріп, ауылдың үлкен-кішісін жұмылдырып, қажет болса қоршап, ішін заманауи талапқа сай етіп, керемет демалыс орнына айналдырса, құпа-құп болар еді. Бұл жұмыстарды атқару бағыт-бағдары айқын, Пятимар ауылының әкімі Ж.Нұрманұлының қолынан келеді деп сенеміз.

Қаныш Садыр, аудан тұрғыны:

- Пятимар тоғайын жылда қоқытып кетеді. Бүлдіріп кететін өзге емес, сол ауылдың немесе ауданның тұрғындары ғой. Оларды экологиялық тәрбиесіз дейміз бе, жетесіз дейміз бе, кім дейміз? Бізге экологиялық полиция ма, инспектор ма, әйтеуір тазалық пен тәртіпті талап ететін адам керек. Тек айыппұл салу арқылы жөнге салуға болады. Қалтаға тигесін амалсыз жинастырып жүреді.

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале