10.05.2026, 11:05
Оқылды: 0

«QazaqGaz» Саралжын учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бастады

Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының геологиялық барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Асылжан Дәулетовті және компанияның картография бөлімінің басшысы Қайнар Сайфеновті қабылдады. Кездесу барысында Саралжын учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарының барысы мен алдағы жоспарлар талқыланды.

0N6A1242

Өткен жылы «QazaqGaz» ҰК» АҚ пен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Саралжын учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімге қол қойған болатын. Аталған учаске Батыс Қазақстан облысының Казталов, Бөкей Ордасы және Жаңақала аудандары аумағында орналасқан.

Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Саралжын учаскесі жаңа көмірсутек қорларын анықтау тұрғысынан перспективалы аймақтардың бірі саналады. Геологиялық барлау жұмыстары Каспий маңы шөгінді бассейнінің орталық бөлігінің геологиялық құрылымын жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді.

Жоба аясында сейсмикалық барлау жүргізу, іздеу-барлау ұңғымаларын бұрғылау, сондай-ақ кейінгі кезеңде учаскені өнеркәсіптік игеру перспективаларын бағалау көзделіп отыр. Бұл жұмыстар еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыруға және мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етпек.

0N6A1245

Кездесу барысында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жобаның өңір үшін стратегиялық маңызына тоқталып, жергілікті атқарушы билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, саланың инвестициялық әлеуетін арттыру қажеттігін ерекше атап өткен болатын. Үш аудан аумағын қамтитын Саралжын учаскесі болашақта маңызды кен орындарының біріне айналады деп сенеміз. Сондықтан барлау жұмыстарына қолдау көрсетумен қатар, кадр даярлау мәселесін де қазірден қолға алуымыз қажет, — деді аудан әкімі.

0N6A1273

Ал Асылжан Дәулетов «QazaqGaz» ҰК» АҚ барлық жұмыстарды заманауи экологиялық стандарттар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай жүргізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтып, жобаны тиімді жүзеге асыру бағытында бірлесе жұмыс жүргізуге уағдаласты.

Асылбек Нәсіпқалиұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале