Бөрлілік үздіктер марапатталды
25 Қыркүйек 2021

Бөрлілік үздіктер марапатталды

Бөрліде «Шеберлер қалашығы» этно-мәдени ұлттық шарасы өтті
25 Қыркүйек 2021

Бөрліде «Шеберлер қалашығы» этно-мәдени ұлттық шарасы өтті

Бөрлілік отбасылар марапатталды
25 Қыркүйек 2021

Бөрлілік отбасылар марапатталды

Теректі ауданында туристік жарыс өтті
25 Қыркүйек 2021

Теректі ауданында туристік жарыс өтті

«Түлкі аулау» спорттық радиопеленгациясы өз мәресіне жетті
25 Қыркүйек 2021

«Түлкі аулау» спорттық радиопеленгациясы өз мәресіне жетті

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шаруалар өз өнімдерін егін басынан сатуға мәжбүр»
25 Қыркүйек 2021

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шаруалар өз өнімдерін егін басынан сатуға мәжбүр»

Соңғы жаңалықтар
7.07.2021, 9:36
Оқылды: 62
Райымбек Рамазанов: «Нұр-Сұлтанмен тоқтамай, Нью-Йоркты да бағындырғым келеді»

Райымбек Рамазанов – Сырым ауданына қарасты Бұлдыртының баласы. Ол ауылдан елордаға арманға мініп аттанды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсті. Арада жылдар өтті. Райымбек бүгінде Қазақстанға белгілі мобилография маманына, «RichQazaQ» атты ерлерге арналған аксессуарлар брендінің иесіне айналды. 27 жастағы жас кәсіпкердің өрлеу, өсу жолы оқырманға қызық болары анық. Сұқбатымызды оқып көріңіз.

11

- Райымбек, Бұлдыртының баласы екеніңді білеміз. Оқушы кезімізден таныс-біліспіз. 2012 жылы ауылдан астанаға аттанған сәтің де есімде. Елорда сені қалай қарсы алды?

- Туған екі әпкем бас қалада білім алып, еңбек етіп жатқаннан кейін, мектеп бітіргенімде астанаға оқуға тапсыратыным анық еді. Қарсы алып, құжат тапсыру, жатақханаға орналасудан бастап, жалпы астана өміріне сіңісіп кетуіме көп үлес қосып, барлық жағынан көмектескен – туған әпкелерім. Сол үшін оларға алғысым шексіз!

Адамды орта билейді, қалыптастырады. Оқу тобымда да, жатақханада да жақсы достар кездестірдім. Университеттегі ұстазым тек мамандық бойынша білім беріп қана қоймай, өмірде де дұрыс бағыт-бағдар берген өмірлік ұстазыма айналды.

Әрине, 11 жыл бойы мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптастардың орны әрдайым бөлек болары сөзсіз. Бірақ, үлкен өмір сапарының алғашқы сәтінде студенттік кезде танысып, араласқан достардың адам өміріне, тұлға болып қалыптасуына ерекше әсер ететіні анық.

Жатақхананың шағын ғана бір бөлмесінде сыйысып, екі қабатты төрт кереуетте Қазақстанның әр аймағынан келген сегіз жігіт жаттық.

Қанша жыл өтсе де, дәл сол 8 жігіт әлі күнге дейін дос болып араласамыз.

Кезінде ортаға үлкен ыдыспен суға піскен рожки қойып, сабақтар туралы әңгімелейтін болсақ, қазір шамамен екі аптада бір рет бас қосып, кім немен айналысып жүр, өзін қандай бағытта дамытуда, оқыған кітаптар мен жұмысқа, бизнеске көмегі тиер идеяларды ортаға салып талқылаймыз, ой бөлісеміз.

-Байқасақ, сен білім алып жүріп еңбекке, кәсіпке ден қойған секілдісің. Бірінші жалақыңды қалай алдың?

-Жоғарыда айтылғандай, мен Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін журналистика және саясаттану факультетінде қоғаммен байланыс (PR) мамандығы бойынша білім алып шықтым. Қоғаммен байланыс – қоғам мен ұйым арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ету, қоғамда ұйым туралы жағымды пікір қалыптастыру, қоғамдық пікірді басқару туралы ғылым. Жеңіл түсіндірсем, маркетинг, жарнама ұғымдарына жақын деуге болады. Елордада бірінші жалақымды жарнама жасаумен таптым. Бірінші курста оқыған жылы астанаға әлемге әйгілі голографиялық картиналар көрмесі келді.

Бір топта оқыған 3 жігіт болып сол көрме туралы ақпаратты қаладағы университеттер мен колледждерге тарататын болып келістік. Нақты санын ұмыттым, бірақ тізімдегі оқу орындарын аралау үшін алып шаһарды «алты айналғанымыз» есімде.

Арқаның аязды-желді қысында 7 күн жаяу жүріп, әрбіріміз 25 000 теңгеден табыс таптық.

Заңды түрде келісімшартқа қол қойып, несие шоттарымызға алғашқы салымдарымызды аудардық.

Екінші курста оқып жүргенде бас қалада орналасқан 5 жұлдызды «Rixos President Astana» қонақ үйіне жұмысқа тұрдым. Қазақстандықтарды есепке алмағанда, әлемге әйгілі әншілер, спортшылар және актерлер, әлемдік аренада орны зор саяси лидерлер мен бизнесмендер біздің қонақ үйге келіп тоқтайтын еді.

Өз саласында оразан зор жетістікке жеткен адамдарды қарсы алып, қолын алып амандасып, сәті түссе, суретке түсіп, бірер минуттан болса да сөйлесіп қалу – керемет мотивация берді. Бұл жердің энергетикасы ерекше еді. Өмірге деген құлшынысымды арттырып, көп нәрсеге деген көзқарасымды өзгертті.

«Rixos President Astana»-да қызмет етіп жүріп, мен Германияның ұлттық футбол құрамасының ойыншылары Мануель Нойер, Бастиан Шванштайгер, Месут Озил, Юлиан Дракслер, Томас Мюллерді көрдім. «Еуро – 2016» іріктеу ойындарында Чехия құрамасы Қазақстанға келді. Қонақүйде Петр Чехпен кездесіп, суретке түстім. Актер Кэри – Хироюки Тагавамен суретке түскенім, әлемдік поп жұлдыз Николь Шерзингермен жолыққаным ерекше естеліктер ғой.

Әрдайым маған қойылған талаптардан артық жасауға тырысатынмын. Қонақ қарсылаудан бөлек уақытымды бос өткізбейін деп қонақ үйдің маркетинг бөлімі басшысымен сөйлестім. Сол жердегі L’Olivo деген итальяндық мейрамхананың Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшаларын жүргізуді қолға алдым. Менің табысты өмірім осылай басталды.

-Қазір мобилографиямен айналысып жүрсің. Жаңа заманның жаңа кәсібі жайлы не айтасың? Оған неге әуес болдың?

22

-Мобилографияның тіс қаққан шебері болмасам да, өз деңгейімде фото/видеоконтент жасап жүрмін. Коммерциялық емес, өзім үшін жасаған бірнеше жобаларым бар. Соның ішінде «Қамшының қазақ тарихындағы маңызы / Былғарыдан ат әбзелдері», «Цой жив / Бұлдыртылық Виктор Цой», «Бұлдырты таңы» және «Қасиетті қымыз туралы» жобаларын сәтті шыққандардың қатарына қосамын.

Былғарыдан ат әбзелдері туралы видео YouTube желісінде 12 000-нан астам қаралып жинап, өзім үшін рекорд жаңартып тұр. Бұдан бөлек, коммерциялық бағытта түсірген видеороликтер өте көп.

Қазақстандағы N1 құрылыс компаниясының және Қазақстандағы N1 пәтерге жөндеу жүргізу компанияларының тапсырыстары бойынша мобильді телефон камерасына видеороликтер түсіріп дайындадым.

Үлкен компаниялар болғандықтан, тек телефон емес, кәсіби камера мен дронға да жарнамалық роликтер түсіреміз.

Кәсіби түсірілімге қажетті барлық техникалық құралдарымыз, талантты видеографтардан құралған керемет командамыз бар. Көпшілік қоятын сұраққа жауап берейін, біздер той түсірмейміз. Біз басқа деңгейде жұмыс жасаймыз. Тек қана коммерциялық жарнамалық роликтермен айналысамыз. Мобилография – жаңа заманның жаңа кәсібі екені рас. Камера қымбат болуы мүмкін, ал ұялы телефон кез келген адамның қолында бар. Дұрыс қолдана білсеңіз, сол телефон арқылы өте жақсы табыс табуға болады.

Мысалы, менің жағдайымда iPhone 11 Pro-мен фото мен видео түсіріп, SMM жүргізіп, сол арқылы 1 айда телефонның өз құнынан артық табыс табамын.

Бұл саланың әлеуеті жоғары. Сондықтан қолында телефоны бар жастар міндетті түрде мобилографияның қыр-сырын үйренуі керек деп ойлаймын.

-Елорда саған не берді? Өміріңнің қандай сәттерін бас қаламен байланыстырар едің?

Елорданың бәріне берері бірдей. Ол – мүмкіндік. Біреу қолданады, біреу мүмкіндікті қолдан жіберіп алады.

Жалпы, ойымша, университет те білімнен бұрын жақсы орта, таныстық, мүмкіндік береді. Қазір «таныс-тамырдан» гөрі, сізді адами құндылықтар бойынша немесе кәсіби маман ретінде жете танып білген және керек кезінде сіз туралы жақсы пікір білдіріп, оң ұсынба бере алатын адамдар көбірек керек. Мұны нетворкинг деп атайды. Міне, университет және Нұр-Сұлтан маған жақсы нетворкинг берді деп айта аламын.

-АҚШ-қа барып, біразғантай уақыт ол жақта да тұрғын болғаның бар. Америка қалай екен?

 

33

-Америкадан артта қалғанымызды бәріміз білеміз. Даму бойынша енді қуып жетуіміз де екі талай. Бірақ бұл олар бізден артық деген сөз емес. Біз де олардан кем емеспіз.

Бизнес әдебиетінде мынадай сөз бар: «Ешкім ешкімнен артық емес, жай ғана біреулер ерте бастаған. Болды.»

Дәл сол сияқты Құрама штаттары дамуды Қазақстаннан ерте бастап кеткен ғой. (Күлді)

-Белбеу, әмиян өндірісін бастапсың. «Rich QazaQ» жеке бренді туралы әңгіме тарқатайық.

Иә, кәсіппен айналысу, табысты болу, мотивация деген тақырыптар мектеп кезінен қызықтыратын. Жігерлендіретін сөздерді, суреттерді, роликтерді көп қарайтынмын. Сөйтіп, жігерлендіретін сөздер, суреттермен бөлісетін аккаунт ашып, осы бағытты дамытқым келді.

Көп ойланып, осы тақырыпқа сай келетін «Rich QazaQ» атауы ойға келді. Ағылшын тілінен аударғанда «Rich» – бай, «QazaQ» – қазақ, яғни, Бай Қазақ деген мағына береді. Бренд слоганы:«Rich QazaQ – әр қазақ бай болуға лайықты».

Америкада жұмыс жасап жүргенде, елге қайтқасын осы атаумен былғарыдан жасалған ерлерге арналған аксессуарлар шығарып сатсам деген ой келді.

Елге келісімен брендке логотип жасатып, заңды түрде патенттеп алдым.

Яғни, енді былғары әмиян, картхолдер, белдік сататын кезде Rich QazaQ деген брендті, атауды тек мен ғана қолдана аламын. Біздің былғары аксессуарлар отандық өнім болып табылады. Өнім – 100% қол жұмысы. Шеберханаларымыз Алматы қаласында орналасқан. Бұл бағытта әлі де көбірек уақыт пен қаржы салып, «Rich QazaQ»-ты республикалық деңгейдегі брендке айналдырғым келеді.

-Нью-Йорк. Нұр-Сұлтан. Бұлдырты. Үшеуін не байланыстырады?

Нұр-Сұлтанмен тоқтап қалмай, Нью-Йорктіде бағындырғым келеді алдағы уақытта. Яғни қазақ астанасының емес, әлемнің қаржысы мен экономикасының астанасында өзімнің орнымды белгілегім келеді. Бұл қиын, бірақ мүмкін. Мені осындай асқақ арман алға жетелейді.

Бұлдырты. Ауылдан неғұрлым алыстаған сайын, рухани соғұрлым жақындай түсесің.

Туып-өскен үйім, ата-анам, тума-туыс, дос-жаран бәрі осы жақта болғандықтан, жүрек айналып келіп, ауылға тартады да тұрады.

Ал алға қойған мақсаттарға жету үшін туған үйден алыста жүріп көп жұмыстану керек.

Бір сезім ауылға шақырады, бір сезім жыраққа, армандарыма қарай тартады. Ауылға келіп кеткен сайын ішімде әрдайым осындай алай-дүлей арпалыс.

-Рахмет, Райымбек! Арманыңа жет! Қазақ баласының қолынан бай әрі табысты болу келетінін дәлелде! Алла жар болсын!

 

Әңгімелескен

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz