21.12.2021, 11:00
Оқылды: 76

Рақмет, ақ желеңділерім!

Аурудың қай жерден аларын білмейсің. Алғашқыда әдеттегі басымның ауруы шығар деп елемедім. Әрі өзі келген дерт өзі кетер деп үйден дәрі ішіп, жазылып кетуге тырыстым.

Скорая помощь

Осылайша ауруымды күшейттім, он күндей нәр татпай жатып қалдым. Жағдайым мүшкілденген соң, ауыл фельдшері Әліби Хамзин мен қолымдағы келінім Зүлфат «Жедел жәрдем» көлігімен Есенсай ауылынан аудан орталығы Чапаевқа жеткізді. Бағыма қарай ауруханадан жас та болса, білікті терапевт Төлеби Шынболатовтың қабылдауына тап болдым.  Бірнеше күннен бері нәр сызбағанымды естіп, қажетті сараптамаларды тапсыртты, асқазанымды тексертуге жіберді. Сөйтсек, бұл сырқаттың сыры мынада екен: жүректен есепте тұрған соң, күніне бес мезгіл дәрі ішуге мәжбүрмін, соның салдарынан асқазанға зақым келіпті. Бірден ауруханаға қабылдап, 4-5 күндей емделдім. Дәрігерімнің берген ем-домының арқасында  біраз  тәуірленіп  қалдым.

Мейірім мен жылы сөздің өзіне зәрулік бар заманда қарапайым, жан шуағымен емдейтін нағыз маманның кездескеніне мың да бір шүкір деймін. Төлеби баламның Гиппократ антына адал дәрігер екені байқалады. Күн сайын емдомын жасап, әр науқастың денсаулығын жіті бақылап қана қоймай,  әр сырқаттың көңіліне жол тауып, үміт сыйлап жүретіні ұнады. Әңгімелесе келе білгенім, Төлеби балам Алматыдан келген. Оған Есенсай, Өлеңті, Көнеккеткен ауылдық округтерінен келген жандарды емдеу тапсырылыпты. Жас маманға жергілікті билік тарапынан жағдай жасалған. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша газы, суы кіріп тұрған  баспана үй алыпты. Зайыбы да ауруханада гинеколог болып қызмет етеді. Жас мамандар ауданға келгендеріне еш өкінбейді, ақжайықтықтардың құшақтарын кең жая қарсы алғандарына дән риза. Үлкен кісілердің ақ баталарын алып  жүр.

Ауруханада мені өндірдей жас дәрігер Баходыр Саврон жылы қарсы алды. Келген күннен бастап ол бар ем-домын жасап, құрақ ұшты. Терапияда жұмыс істейтін екі медбике қызымның қолдары епсекті, өз міндеттеріне жауапты қарайды. Арасында кардиограммаға да түсіріп үлгерді.

Ауданға жас әрі білікті мамандар қашан да қажет. Сондықтан олардың ауылда тұрақтап қалуы үшін аудан басшылығы тарапынан мүмкін шаралардың барлығы қолға алынғанына көзім жетті. Баходыр балам да жақында қоныстойын тойлаған екен.

Ажалмен күресіп, аман алып қалған ұл-қыздарыма аналық алғысым шексіз. Мен секілді ризашылығын білдіретін жандардың көп екені шүбәсіз. Халықтың батасын, алғысын алғанның көгерері анық.

Ал халықтың алғысынан артық марапат болмайтыны да сөзсіз.

Мерует Қауымбаева,

еңбек ардагері,

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале