13.04.2021, 16:08
Оқылды: 93

Рамазанның алғашқы күнінде казталовтық баланың арманы орындалды

Ұлық айдың алғашқы күнінде көппен күткен тілегіміз орындалып, қуанышты жағдайдың куәсі болдық. Осыдан бірнеше ай бұрын, Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газеті редакциясына Жалпақтал ауылынан Аман есімді балақай хат жолдаған болатын. Әріптес ағамыз Тұрарбек Ақмурзиннің ұлы Аманның тілегін елемеу – «Ауыл айнасы» ұжымы үшін өтелмеген парызбен тең. Арманы бөлек Аман редакциямызға баспана сұрап, өтінішін айтқан болатын. Әкеден ерте көз жазып қалған баланың анасы мен бауырларына алаңдап, уайымдап жазған хатын оқыған кезде жүрек шіркін елжіреп кетеді.

 IMG-20210413-WA0026

... Осыдан екі жыл бұрын газетімізде ерекше қолтаңбасы бар журналист ағамыз Тұрарбек Қайырғалиұлынан қапыда көз жазып қалдық. Ағамыздың артында жолдасы Гүлзат апай мен Аман мен Есен атты егіз ұлдары мен Інжу атты кішкентай қызы қалды. Отбасының тірегі кеткесін барлық жүк Гүлзат апайдың мойынына артылды. Ауруханада тазалықшы боп қызмет атқаратын жалғызбасты ана үшін балаларын асырау үшін кездескен қиындыққа төзе білді. Дегенмен, мардымсыз жалақы, қамқор болар азаматының жоқтығы Гүлзат апайға расымен де ауыр тиді. Ең өкініштісі, Тұрарбек ағаның артында қалған отбасына тиесілі жеке баспанасы болмады. Балалары үшін шырылдаған ананың азғантай айлығы пәтерақысын төлеу мен ұл-қызының керек-жарағын өтеп беруге ғана жететін. Уақыт өте келе егіздің сыңары Аман жиі сырқаттанып қалатынды шығарды. Аман бірнеше күндеп ауылдық, қалалық ауруханаларда ем қабылдап жүрді. Сондай сәттерде, жалғыз қалған кездерде Аман қалың ойға берілетін. Жүрегі нәзік Аман бір күні қолына қалам алып хат жазады. Ойын баласы смартфон мен планшетке қызықпады. Отбасының қамын ойлаған жас ұлан жеке баспанасы болғанын қалады. Анасының балалары үшін қиналғанын көргісі келмеді. Әкеге деген сағыныш, ана мен бауырға деген қамқорлық Аманды хат жазуға итермеледі. Хатты марқұм әкесінің жұмыс орнына, әріптестеріне жазады. Жүректен шыққан хат жүректерге жетіп, «Асар» қайырымдылық эстафетасы екінші мәрте жалғасын тапты.

20210413_110024

Жаңа жыл басталып, күнтізбенің жаңа парақтары ашылған уақытта «Асар» эстафетасын ұйымдастырушылар да кезекті миссиясын орындауды бастап кетті. Әріптес әпкем Жұлдыз Асқарқызы Аманның тілегін орындау үшін үлкен тәуекелге бел буып, қайырымдылық шарасын бастады. Осыған дейін де түрлі қайырымдылық кештерін ұйымдастырып, қаншама қамкөңіл жанның алғыс алып жүрген үлкен жүректі әпкем бұл жолы да қарап қалмады. Бас-аяғы бірер күннің ішінде арнайы есепшот ашылып, періште қиялындағы арманды орындау үшін қаражат жинала бастады. Игі бастаманы теріске шығарып, кері резонанс тудырғандар да болды. Бірақ, қайырымды істі қарапайым халық алып шықты. Тек Казталов ауданынан ғана емес, күллі облыс, тұтас елден де көмек қолын созды. Небәрі 3-4 айдың ішінде миллионнан астам қаржы жиналып, Аманның арманы орындалды.

IMG-20210413-WA0007

Қасиетті Рамазан алғашқы күнінде Жалпақтал ауылының тура ортасынан жаңа үй алынып, әріптесіміздің отбасына баспана кілті табыс етілді. Ауыз сумен, жылумен, жарықпен толықтай қамтамасыз етілген жаңа үйдің ішкі құрылысы қалалық тұрғын үймен пара-пар.

Халықтың қолдауымен алынған баспана кілтін Жалпақталдың аяулы перзенті, дәстүрлі әнші, білікті ұстаз Баян Қабиеваның өзі табыстады. Тұрарбек ағаның жазған материалдарын жібермей оқып, танысып отыратын Баян Құбайқызы салтанатты лентаны қию барысында ерекше тебіреніп, әсерлі естеліктерімен бөлісті.

IMG-20210413-WA0014

Бәрінен бұрын отанасы Гүлзат апайдың көзіне жас алып, қуаныштан жылағаны ерекше әсер қалдырады екен. Ал кішкентайлардың көңіл-күйі тіпті керемет. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған балдырғандардың эмоциясын сөзбен жеткізу қиын шығар. Бәрінен де Аманның қуанғаны есте қалыпты. Қараторы баланың тұп-тұнық көздерінен бақыттың нышанын аңғармау мүмкін емес. Өзі кішкентай болса да, жүрегі үлкен жеткіншек пен оның сүйкімді бауырлары, қиындыққа қасқайып төтеп берген қайсар ананың жүздері, көңілдері тоқ. Бұның бәрі ең бірінші Жаратқан Алланың, екіншіден, кең пейіл халықтың, үшіншіден, жомарт пейілдіIMG-20210413-WA0017

Шырайы келісіп, шаттығы тасыған шаңырақтың іргесі енді қайтіп сөгілмесе екен. Бақытқа бөленген балалар қайтадан жыламасыншы. Перзенттері үшін шырылдаған ана ауыр қайғымен қайта сыналмасын. Отбасында тура бүгінгі көңіл-күй мәңгі жалғасын тапсын!

P.S: Жап-жарық, сәні келіскен қонақ бөлменің төргі қабырғасында Тұрарбек ағаның портреті ілулі тұр. Терезенің алдында отбасы мүшелерімен бірге түскен суреттер өткен бақытты күндерден сыр шертеді. Әттең, осындай қуанышты күнде ең маңызды адамның жанымызда еместігі, тек суреттері ғана бізге қарап тұрғаны жанға батады.

Аяжан Ғаппар,

Казталов ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале