Референдум күні Байқоныс ауылындағы №196 референдум учаскесінде ерекше мерекелік көңіл-күй орнады. Мұнда дауыс беруге «Көңіл ашар» әжелер ансамблі арнайы келіп, өз таңдауларын жасады.
Ансамбль мүшесі, ардагер ұстаз Гүлшат Хабибуллинаның айтуынша, бұл ұжым 2014 жылы құрылған. Бүгінде ансамбль құрамында 11 әже өнер көрсетеді, олардың ең үлкені — 84 жаста.
«Біздің репертуарымызда 100-ге жуық ұлттық және заманауи әндер бар. Басты мақсатымыз — ұмыт қалған халық әндерін қайта жаңғыртып, оны өскелең ұрпаққа насихаттау. Осы мақсатта мектептер мен балабақшаларға жиі барып, жастарға қазақ ән өнерінің құндылығын сіңіріп жүрміз», — дейді Гүлшат Хабибуллина.
Өнерлі әжелер референдум учаскесінде тек дауыс беріп қана қоймай, ұлттық нақыштағы әндерімен жиналған қауымның рухын көтеріп, саяси науқанның мерекелік сипатын арттыра түсті.
Г.Баделова,
Бәйтерек ауданы