16.11.2021, 17:30
Оқылды: 82

Репетиторлық! Қажеттілік пе? Осалдық па?

-Ағылшын тілі пәні бойынша балаңызға шағымдар түсті. Сабақ түсіндіруге мүмкіндік бермейтіндей жағдайда қалдырады екен.

- Енді ше?... Оған оның A, B, C деп тұрғаны қызық емес. Себебі біз оны былтыр даярлықта жүргенде-ақ, репетиторда болып, біліп алғанбыз,- деп қосарланды бір-екеуі.

Бұл ата-ана жиналысында болған сынып жетекші мен оқушының анасының арасында болған әңгіме.

Репетиторлық, яғни жалдамалы қызметтің бұл түрі бүгінде үлкен сұранысқа ие. Әсіресе аталған қызметті оқушылар, тіл меңгеруді қолға алған жандар пайдаланады. Репетитор қызметіне жүгіну себебін мұғалімдер «сыныпта оқушылардың көптігінен» десе, ата-аналар «уақыттың жоқтығынан» дейді. Сөйтіп, жыл сайын жаңа оқу жылы басталысымен әрбір екінші оқушы мектептен тыс уақытында қосымша сабаққа барады.  Немесе репетитор үйіне келіп сабақ береді. Ал оған ата-ана еңбегін төлейді.

репетитор1

Ата-анамен ұстаздың өзара келісімге келуіне байланысты сабақ аяқталған соң үй тапсырмасын орындауды үйрететін мұғалімдер де бар. Әрине, тегін емес.

Жақсы, барын «балама» деп жинайтын халқымыз, ұрпағынан ешнәрсесін аямайды. Баланың білімі үшін берген қаржыны болашаққа салған инвестиция деп санайық. Дегенмен жоғарыдағы келтірілген диалогқа қарап, «жаңа әріп танып, өмір басқалдағына енді қадам басқан бала үшін аса қажеттілік пе екен, неге өз қатарластарымен бірге ілесіп, бір шеңберде ілесіп үйренбеске» деп те ойлайсың.

Иә, қазіргідей жаңартылған оқу жүйесі бойынша білім алу оқушыларға оңайға соқпағаны рас. Дей тұрғанмен...

Осы төңіректе ата-ана, мұғалім жалпы тұрғындар арасында сұрап көрдік. «Сабақ бес күнге қысқартылғанымен, таңертеңгі сағат 8.00-ден түскі 13.00-де ғана шығатын балаларымыз үйге сілесі құрып жетеді. Мұғалім баламның сабақ үлгерімі төмен деп, қосымша сабаққа беруіме кеңес берді. Және «қосымша сабаққа бердіңіз бе?» деп күн сайын сұрайтын. Ол алғашқы тоқсанның ортасы еді. Сенсеңіз, сол кезде балама екі сағат қосымша сабақ беретін мұғалім таба алмадым. Көпшілік ата-аналар сабақ басталмас бұрын алдын ала келісіп қояды екен. Сол кезде кейбір мұғалімдердің жұмысындағы оқушылардан гөрі ақы төленетін қосымша алған балаларға ерекше ықылас танытатынын көрдім», - дейді Айгүл есімді ата-ана.

Әсем есімді тағы бір ана қызы Алинаны қыркүйек айынан бері қаламыздағы тез оқуға үйрету орталығына апарып жүр екен.

-Мен оқу жылдамдығының қалыптасуы үшін апарып жүрмін. Биыл бірінші сынып. Алдағы күндері мектепте минутқа оқыту басталады. Сол кезде қызым қиналмасын деп апарып жүрмін. 24 рет сабақ аламыз. 40 мыңға жуық төлем төлеймін. Былай ағылшын т.б апару әзірге ойымда жоқ. Себебі әр пәнді өз деңгейінде пән мұғалімінен меңгерсе де жеткілікті сияқты. Ал кейін мектепті аяқтар шаққа жақын қосымша білім алуға күш саламын деп ойлаймын,-деді.

Ақсай қаласында репетиторлық қызмет ұсынатын орталықтарды аз деп айта алмаймыз. Арнайы ашылып, қызмет көрсетіп тұрғандары бар, былай үй-үйге барып немесе үйінен репетиторлықпен айналысып отырғандары қаншама. Әсіресе соңғы жылдары олардың қатары көбейе түскен. Бизнес көзіне айналған мұндай орталықтардың әр ықшамауданнан кемінде екеуін кездестіруге болады. Және оқыту сағаты мен пәннің түріне байланысты бағалары да әртүрлі болып келеді. Мәселен аталған тез оқуға үйрететін (скорочтение) орталық 4 жастан 17 жас аралығында балаларды оқытады. Тез оқуды меңгерудегі алғашқы 16 сабақ 28 мың теңге тұрады. Ағылшын тілін меңгеру үшін 24 сабақты төлеу жарнасы 35 мың теңгені құрайды.

Жалпы жалдамалы оқыту қызметіне сұраныстың артуы мектептегі білім беру жүйесінің әлсіздігін көрсете ме? Немесе баласына қарауға шамасы жоқ ата-ананың жұмысбастылығы ма? Жоқ әлде тұрмыс деңгейінің өзгелерден жоғары екендігін көрсету ме?

«Менің балам вундеркинд»

-Мен көп балалы анамын. 4 балам да мектеп жасында. Үлкенім биыл 9-сыныпқа көшті. Әне-міне дегенше мектеп бітіріп, таңдаған мамандығына қарай бейімделетіндіктен биыл қосымша математикадан сабақ алып жүр. Ал қалған балаларым мектепте күнделікті мұғалімінен дәріс алуда. Мен өз басым көп жағдайда, көпшілігінен байқайтыным, тұрмысым жақсы, бәріне қол жеткізуге шамам жетеді. Демек, балам да қалайда, әйтеуір қосымша білім алу керек деген түсінікте. Содан кейін келеді де әлгі баласын кішкентайынан түсінсін, түсінбесін сонда апарады. Әрі-беріден соң, ата-ана жиналыстарында әр баланың жекелеп сабақ үлгерімін, тәртібін айта бастағанда «менің балам вундеркинд» дегенді алға тартып, былайша жалпақ тілмен айтқанда өзінше боп отырады. Мен ондайларды мүлде түсіне алмаймын,- дейді Света есімді ана.

«Ол қыз барып алып, би билеп, не ағылшынша сөйлеп отбасы бола ма?»

-Мен немере қызымды ағылшынға, одан шығып гимнастика дей ма соған апарамын. Бала да, келін де жұмыста. Үйдің қасына жақын болғасын мен өзім апарып, әкелемін. Жастар қазір біздей емес білгіш қой. Бір нәрсе біліп беріп жатқан болар. Бірақ маған салса, ес білген шақтан қыздарды қолөнерге, жалпы үй шаруасына бейімдегенді жөн көремін. Қазір тек современныймыз деп, кісіге құлақ асқысы жоқ. Айтудай-ақ айтасың, бірақ «Оны меңгеруге бойжетіп, тұрмысқа шыққасын да үлгереді»,-дейді. Ал оған не дейсің? Осындай пікірдің арқасында қазір үй боламыз деп қосылған жастар үй бола алмай жатыр. Неге? Себебі үй шаруашылығына түк икемі жоқ. Ол қыз барған жерінде би билеп не ағылшынша сөйлеп отбасы бола ма? Көкірек сайрап тұр, бірақ дәрмен жоқ» дегенді айтты 78 жастағы Сапаргүл әже.

«Жақсы екен» деп кез келген пәннен жеке мұғалім жалдау да жөн емес...

-Негізінен бұл сұраққа бірден жауап беруге болмайды. Алдымен «Репетиторға қандай жағдайда жүгінуге болады?»  деген сұрақ қойып алған дұрыс деп ойлаймын. Баласының үлгерімі сынып оқушыларымен салыстырғанда төмендеу болса, берілген тапсырмаларды өз бетімен түсініп орындай алмаса, ата-ана баласының сабағын қарауға мүмкіндігі болмаған жағдайда, баланың үлгерімін көтеру үшін репетиторға жүгінсе болады. Дегенмен репетитор бастауыш сынып оқушыларына қолайлы емес. Себебі жеке ұстазға үйреніп қалған бала кейін өз бетінше кітап оқымайтын болады. Сол үшін «жақсы екен» деп кез келген пәннен жеке мұғалім жалдау да жөн емес,- деп өз ойын білдірді №6 МЛ мұғалімі Жансұлу Жұмажанқызы.

P/S: Репетиторға, әсіресе оң-солын танып үлгермеген бастауыш сынып оқушыларының көп баратыны айтылды. Әрине, бұл ата-ананың өз еркімен жасалып отырған қадам. Бәрі бірдей дей алмаймыз, десе де балаға жасаған жақсылығымызды көпшілігіміз байлығымызды көрсету үшін қалыптастырып жатқан жоқпыз ба?

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале