11.10.2023, 17:30
Оқылды: 40

Рөлдегі «қылмыскерлер»: сегіз айда сегіз адам жауапқа тартылды

Заң не дейді?

 

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілерге байланысты заң талаптарын қатаңдатқаны бәрімізге белгілі. Бұл азаматтардың құқығын шектеу үшін емес, олардың қауіпсіздігін ескергеннен деп түсінуге тиіспіз.

Адам мас күйінде көлік тізгініне отырды ма? Демек ол – қылмыскер!

Алкогольмен, есірткі заттарымен масаю күйінде көлік басқару жол жүру қозғалысына жоғарғы қауіптілік жағдайын төндіреді. Масаң күйде көлік басқару жайтын болдырмауды қатаң бақылау үшін полиция қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларды өткізіп отырады.

Полиция ЖП

Тынысынан «ащы судың» иісі аңқыған немесе көзі құтырған иттің көзіндей қызарып, аталақтаған күйде көлік рөліне жабысқан жандарға заң қатал. Оларға Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» Заңына және 2014 жылдың 13 қарашасындағы №1196 қаулымен бекітілген, «Жол қозғалысы Қағидалары» 2- тарау 2 -бөлімінің 2 тармақшасына сай, жүргізушіге жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіретіндей масаң күйде (алкогольді, есірткі немесе өзге де) көлік құралын басқаруға тиым салынады.

Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 608-бабына 2019 жылдың 27 желтоқсанында Заңмен өзгерістер енгізіліп, мас күйінде көлік жүргізгендерге әкімшілік жауаптылық қатаңдатылды.

Оған сай бұл баптың 1-бөлігінде жүргізушінің көлікті алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру - он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді деп көрсетілген.

Соған қарамастан Сырым аудандық сотында 2023 жылдың сегіз айында сегіз адам осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылып, 15 тәулік қамаққа алынып және жеті жыл мерзімге көлік айдау құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

 

Бүгін куәлігінен, ертең өмірінен...

 

Сондай-ақ осы баптың 3-бөлігіне сай, яғни масаю күйіндегі көлік жүргізуімен жол - көлік жол көлік оқиғасын жасап, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлікті, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер белгілерімен бір адам жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айыру түріндегі жазалар тағайындалды. ​

Оқырманның көзін жеткізу үшін, оқиғаларға шолу жасалық. Азамат А., алкогольдік масаюдың орташа дәрежесіндегі күйде «Lada» маркалы көлікті басқарып, жол қауіпсіздігін сақтамай, «Самара-Шымкент» тас жолының солтүстік бағытында аударылған. Осы жол көлік оқиғасынан жүргізушінің 10,12 қабырғалары, бел омыртқасы зақымданып, орнынан тұрып қозғалуға мүмкіндігі жоқтығына байланысты емделді.

Сол сияқты осындай құқық бұзушылықтарды көлік құралын жүргізуге мүлдем құқығы жоқ адамдардың да жасауы кездеседі.

Мысал ретінде айтсақ, 2023 жылы Е. есімді азамат көлікті жүргізуге құқығы жоқ бола тұра, Сырым ауданында далалық жайын жолында «Lada» маркалы автокөлігін орташа дәрежеде алкогольмен масаю күйінде басқарып, басқару жүйесіне ие бола алмай, автокөлігін аударып алды. Аунаған көліктен адам аман шыға ма? Рөлдегі адам дене жарақатын келтіріп және автокөлік бүлінді. Оған қоса ол жол қозғалысы Қағидаларының 2-тарау 4-бөлімнің 2-тармақшасының, 10-тарау 1-тармақшасының талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Сонымен бірге Заңға енгізілген толықтыруларға сай Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі де, яғни құқық бұзушыларға қылмыстық жауаптылықты қатаңдату және осы санаттағы қылмыстардың алдын-алу мақсатында 14-інші тарау 345-1-інші баппен алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуына жауаптылық түрімен толықтырылып, және көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру жөніндегі 346-бап жаңа редакцияда жазылды.

Бас бостандығынан айырылғандар бар!

Заң азаматқа әділеттің жолын нұсқайды, сабақ болу үшін жазалайды. Бірақ жазадан сабақ алмаса не істемекпіз? Көлікті басқару құқығынан әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің талабымен айырылып, жазаға тартылған адамдардың одан қорытынды шығармай жол қозғалысына қатынасушылардың қауіпсіздігіне немқұрайлықпен қарап, жауапкершілікті толық сезінбей қайтадан көлік рөліне масаң күйде жайғасқандар көп.

Мұқият назар салыңыздар және жақындарыңызға ескертіңіздер!

Қылмыстық Кодекстің 346-ыншы бабының 1-інші бөліміне сай, яғни көлікті басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы не көлік құралын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлік құралын басқаруына лауазымды адамның немесе көлік құралы меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі - белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2023 жылдын сегіз айында осы сипаттағы құқықбұзушылық негізінде екі қылмыстық іс қаралды. Мысалы, бір азамат орташа дәрежелі масаю күйінде Жымпиты ауылында «SEAT» маркалы автокөлікті басқарған. Бірақ ол Сырым аудандық сотының қаулысымен ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігімен құқық бұзушылықты жасағаны үшін көлікті басқару құқығынан үш жыл мерзімге айырылған еді. Сырым аудандық соты оны көлікті басқару құқығынан өмір бойына айыруға және 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығын шектеуге үкім шығарды. Жаза тағайындалып, сот залынан дереу қамауға алынды.

Жүргізуші жолаушылары үшін жауапты

Мүмкін аудан аумағы республикалық маңызы бар жол бойында орналасқандықтан болар, осы санаттағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстар әлі де болса азаймай тұр.

Көлік басқарған кезде жүргізуші адамдардың өмірі мен денсаулығына жауапты және сол үшін заңмен жауапкершілік те қаралған. Бұл жағдайлар жүргізушінің үнемі мұқият және жоғары жауапкершілікте болуын талап етеді.

 

Жанна – Мари Вебер,

Сырым аудандық соты

әкімшісінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале