31.08.2022, 16:30
Оқылды: 53

Рұқсат етілмеген жерге суға түспе 

Жаздың үш айын артқа салып, қоңыр күзге де жеттік.

Жаз бойы айдын жағалаған жұрт әлі де сол, соңғы ыстық күндерді пайдаланып, өзен-көлге шомылуға барады. Сондықтан адамның қауіпсіздігіне алаңдаған төтенше жағдайлар қызметкерлері, құтқарушылар  әлі де су маңайын шолуды тоқтатқан жоқ.

IMG-20220831-WA0019

Теректі ауданында БҚО әкімдігінің «Батыс Қазақстан облысының су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалуға, туризм мен спортқа арналған орындарды белгілеу туралы» қаулысымен бекітілген 9 орын бар. «БҚО Теректі ауданының су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі 2022 жылға арналған жоспар» да жасақталған.

Жаздай Теректі ауданының төтенше жағдайлар бөлімі осы жоспарға сәйкес жұмыс жасады.

- Тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенді өткізілді. Алдымен ауыл маңайындағы суға түсуге рұқсат етілмеген су айдындарында «Суға шомылуға тыйым салынады» деген белгілерді орнаттық. Ауыл аралап, тұрғындарға судағы жүріс-тұрыс қағидалары, оқыс оқиғаға ұшыраған адамға дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету жазылған ақпараттық жадынамалар тараттық,- деп баяндаған Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Жарас Көпжасаров атқарылған басқа да шаралар жайында мәлімет берді.

Мәселен, ауылдық округ орталықтарында дауысзорайтқыш құрылғылары арқылы судағы қауіпсіздік шаралары жөнінде аудиожазба жарияланған. Төтеншеліктер өз жұмысында бүгінде халыққа хабар жеткізудің ең бір тиімді жолдарын қолданған. Сөйтіп, ауылдық округтердің әлеуметтік желілердегі парақшалары, мұғалімдердің, ата-аналардың WhatsApp желісіндегі топтарына тақырыптық бейнероликтер, нұсқаулықтар жіберген. Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде судағы қауіпсіздік қадамдары туралы мақалалар жарияланған.

IMG-20220831-WA0020

Судағы қауіпсіздік шаралары жайлы түсіндіру жұмыстары, әсіресе балалармен жиі өткізілген. Жаз бойы ауыл маңындағы көл-тоған басынан табылатын балалармен сол жерге барып әңгімелескен қызметкерлер суға шомылу ережелерін үйретті. Жалпы, балалардың дені суға шомылуды жаны сүйгенімен, арасында суда жүзуді мүлдем білмейтіндері бар. Соның салдарынан қайғылы жағдайға ұшырауы да мүмкін. Сондықтан балаларға суда жүзуді үйрету - өте қажетті дағды. Осы мақсатта биыл аудандық білім беру бөлімі мектептерге 6 модульді қаңқалы бассейн орнатып отыр. Нақтырақ айтсақ, Ақжайық, Жаңа Өмір, Шағатай ауылдарында біреуден, Подстепный ауылдық округі аумағында екі бассейн жұмыс істеп тұр. Бұған қоса Сарыөмір ауылындағы «Балдәурен» балалар жазғы демалыс лагерінде бір қаңқалы бассейн бар.

Мектеп ауласындағы осындай бассейндердедене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері жаздай балаларды жүзуге үйретіп, жаттықтырған. Осы жолмен жаздай жүздеген бала жүзу әдістерін меңгеріп, өзін суда ұстауды үйренді.

«Ересектердің суға батуының басты себебі – мас күйінде шомылу болса, балалар үлкендердің қарауынсыз қалу салдарынан ажал құшады. Ересектердің де, балалардың да суға кетуіне ортақ себеп – рұқсат етілмеген, тексерілмеген су айдынында шомылу және жүзу білмеу», - дейді төтенше жағдай мамандары.

Иә, сөздерінің жаны бар. Биылғы шомылу кезеңінде Теректіде қайғылы оқиғалар орын алды. Шілдеде Шалқарға демалуға барған бір бүлдіршін суға кетті. Одан соң Барбастауда жасөспірім қаза болды. Соңғы жағдайда бала рұқсат етілмеген жерге шомылған. Ақжайық ауылының маңында екі бірдей адам суда ажал құшты.

«2016-2021 жылдар аралығында шомылу маусымында аудан аумағындағы су айдындарында 23 адам суға батып қаза болған» деген мәлімет берген Теректі ауданы әкімдігінің төтенше жағдайлар бойынша бас инспекторы Абзал Хами:

-Аудандағы жаппай демалуға белгіленген тоғыз су айдынының тек біреуінде, Шалқар көлінде ғана облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметі жұмыс істейді. Қазір көл жағасында бес құтқарушы жұмыс жасайды. Халық көп шоғырланатынын және шомылу аймағы көлемді екенін есепке ала отырып, тағы бір қарауыл орнын жасақтау басталмақ. Қоғамдық тәртіпті жергілікті учаскелік полиция қызметкері бақылайды. Қалған шомылу орындары жабдықталмаған. Сол себепті аталған су айдындарында суға шомылуға уақытша тыйым салынды,- дейді.

Негізінен тыйым салынғанына қарамастан, жергілікті халық ауылға жақын жердегі көл-тоғанға түсуге барады. Су басына барған соң қауіпсіздік ережелерін есіне де алмайтындар бар. Сондықтан

- алкоголь немесе  есірткіге мас болған күйінде суға түсуге және шомылуға;

- суға қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, сонымен қатар осы мақсаттарға арналмаған жарақтардан секіруге;

- тексерілмеген және жабдықталмаған орындарда сүңгуге;

- жүзу шегінен аспау үшін қойылған белгілерден асып жүзуге;

- жүзуге арналмаған құрал-заттарды пайдалануға;

- техникалық және ескерту белгілерін асып жүзуге;

- балалардың ересек адамдарсыз суға шомылуына тыйым салынатынын мықтап есте ұстаңыз.

Суға шомылу кезеңі әр жылдарда тамыз айында судың салқындауына байланысты тоқтатылатын еді. Биыл күн райы ыстық. Өзен-көл жағалап, сая іздеген адамдар әлі де көп. Сондай демалысқа барған кезде суға шомылар алдында су айдындарын мұқият тексеру қажет.

Ұзақ уақыт бойы суға шомылу да адамдардың денсаулығына қауіпті. Шомылу ұзақтығы негізінен ауа температурасына, суға және желдің күшіне байланысты екенін атап өткен жөн. «Сақтаңсаң, сақтаймын!» демекші, суға шомыларда өте мұқият болыңыз!

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале