19.01.2022, 17:30
Оқылды: 135

Сәбиіңізге есім берерде ескергеніңіз бар ма?

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген дана халқымыз. Алайда ата-баба заманынан келе жатқан әдемі де әсерлі дәстүрдің бірі – балаға ат қою. Ұрпағы өмірге келген ата-ана баласының өмірі бақытқа толы болса, өмірден кемшілік көрмесе деген үмітте болары анық. Сол секілді баласының есімі де өзгелерден ерекшеленіп тұрса деген ниеттері жоқ емес екенін байқап жүрміз.

18Бала дүниеге келгенде әр саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Кейбірі заманына сай, ел арасында кең таралған, заманауи есімдерді қойып жатса, кейбірі ата-бабаларының, ұлы тұлғалардың есімін, кейбірі ежелгі есімдерді қояды.

Азан шақырып ат қою

Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жастардың әке-шешесі, ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты солар қояды. Үлкендердің айтқаны бұлжытпай орындалатындықтан, міндетті түрде солар ұсынған ат қойылады. Кейде жастармен келісе отырып, бала есімін үлкен кісілер таңдайды. Балаға есім үш күн ішінде берілуі құпталады.

Ауылдың беделді азаматы сәбиді қолына алып, азан шақырып, ағайын-туыспен бірге таңдалған есімді сәбидің құлағына қайталайды. Ежелде ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қойған екен. Сәбиге ат қойғанда айтылуы қиын, қатаң дыбысты, жақсы да жаман мағына беретін немесе айқайлап тұрған есімдерден аулақ болған жөн.

Есім адамның тағдырына, болмысына әсер ете ме деген сауал төңірегінде ғалымдар ХХ ғасырдан бері зерттеулер жүргізіп келеді. Соның негізінде адам есімдерін зерттейтін антропонимика ғылымы пайда болған. Ғалымдардың зерттеуінше адам аты оның өміріне айтарлықтай әсер етеді екен, баланы неғұрлым көркем есімдермен атаған сайын, тұла-бойы да соған сәйкес көркемделе түседі.

Ырымға байланысты ат қою

Көбіне қазақтар ырымдап ат қойған. Мысалы, ертеректе бала туысымен ең алғаш кездескен кісінің атын қою дәстүрі болған. Мұны жақсы ырымға балаған. Сәбиге көз тимесін, өмірі ұзақ болсын деген мақсатпен мағынасы ерсі немесе сиқысыз есімдерді қойған. Мысалы, Сасық, Қисық, Шоқпыт және т.б. Бірақ қазірде бұл ескірген ырымдар қатарында. Бұрынырақта балаға қолбасшы, пайғамбар, батырлардың есімін берсе көтере алмай, ауырып қалады деп сенген. Сондықтан ондай есім бергеннің өзінде есейгенше еркелетіп, басқа атпен атаған. Адам есімі тағдырына байланысты дегенді ескерсек, ежелде бала аурушаң, не үлкен қасіреттен аман қалса, тағдырын өзгерту мақсатында атын да өзгерткен. Алайда бұл ырымның қаншалықты өмірде іске асқандығы жайлы нақты деректер жоқ.

Жиі қойылатын есім қандай?

Бүгінгі таңда сәбилі болған ата-ана баласына заманға сай әдемі есімдерді қоюға тырысып жатады. «Мына есім әдемі естіледі», «Мына есім қазір сәнге айналуда» деген пікірге сүйеніп жатады немесе ерлі-зайыптылар өз есімдерін біріктіріп жаңа бір есімдерді өмірге әкеліп жатады. Бұл жағдайда жоғарыда аталған әдет-салттың ескерілгені шамалы болып тұр.

2021 жылы Қазақстанда 4465 Алихан, 3230 Айсұлтан, 3209 Нұрислам дүниеге келген. Тек сәуір мен мамыр айларында ең көп қойылған ұл есімі – Рамазан. Оған 13 сәуір – 12 мамыр аралығында болған мұсылмандар үшін қасиетті ай – Рамазан айы себеп болуы мүмкін. Рамазан айында 2 мыңға жуық Рамазан дүниеге келген.

Сонымен қатар 2021 жылы жиі қойылған ұл есімдері қатарында Алдияр 2556, Амир 2397, Алинұр 2329, Али 2305, Омар 2245 рет кездеседі.

Ал қыздар арасында ең танымал есім Медина болып шықты. Өткен жылы 5403 қызға осы есім берілген. 4855 қызға Айлин, 4588 қызға Раяна деген ат қойылған.  Сондай-ақ 2021 жылы қыздарға қойылған сүйікті есімдердің арасында Айша  - 4500 адам, Асылым - 4366, Айзере - 4293, Аяла - 4247, Айым - 3673, Томирис - 3293 және Айару деген 3252 қыз бар.

Адам есімі өміріне тікелей әсер етеді дегенді ескерсек, ұрпағымызға сәнді емес, мәнді есімдерді көбірек қоюға тырысайық. Мүмкін, елдің ертеңін ойлайтын тұлғалар сол жас буынның қатарынан шығар. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, бұл сөзіміздің де жаны болып қалар.

17

Баян Темірбек, ауыл тұрғыны:  - Сәбиге есім берерде жақсы нәрсені ырымдау қажет деп ойлаймын. Себебі баланың өмірі есіміне байланысты өрбиді. Кез-келген ата-ана баласының дені сау болса, ақылды да зерек болса деп армандайтыны анық. Өзім де алғаш ана атанған кезде ерекше бақыт сезімін бастан кештім. Отағасымен ақылдаса келе ұлымызға Бекарыс деген есім бердік.

Тарихына үңілсек, байырғы заманда халықтың қамын ойлаған Бекарыс деген батыр болған. Жалпы мағынасы да мықты, күшті, табанды дегенді білдіреді. Тұңғышымыз ұл болғандықтан отбасымыздың үмітін ақтайтын табанды да өжет ер азамат болсын деген ниетпен осы есімді таңдадық. Аллаға шүкір, баламыз аман-сау өсіп келеді.

Назгүл Әзімова, ауыл тұрғыны: - Тұрмысқа шыққаныма 2 жыл болды. Отбасымызда қыз бала дүниеге келді. Есімін Медина деп қойдық. Әлі босанбай тұрып-ақ қыз бала екенін білгенде жолдасым екеуміз қандай есім қоямыз деп ойлана бастадық. Екеуміз де әдемі, мағыналы және заманауи есім таңдағымыз келді. Сосын ғаламтор желісінен қыз балаға қоятын есімдер тізімін қарай бастадық. Соның ішінде екеумізге бірдей ұнағаны Медина болды. Медина сөзі қазақша Мәдина деген есіммен бірдей.

Әсем Бекешева, 

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале