20.05.2022, 12:30
Оқылды: 54

Сақтықтың артығы болмайды

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссияның отырысында жазғы дала өртінің алдын алу, суға шомылу маусымының қауіпсіздігі мәселелерімен бірге қысқы жылыту маусымына дайындық пысықталды.

WhatsApp Image 2022-05-20 at 12.23.57
Аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бастығы Ақылбек Сағитов өткен жылы дала өрті орын алмағанын, биылғы жазды да шығынсыз өткізу үшін шөп шабу науқаны кезіндегі өрт жағдайының алдын алуда ауыл шаруашылығы техникаларының қауіпсіздігі тексеріліп, рейдтер ұйымдастырылғанын айтты.
- Аудан әкімі аппараты мен ауылдық округтер әкімдіктерінде 85 дана өрт сөндіргіш бар, қосымша 50 данасын алу жоспарланды. Дала өрттерін сөндіруге жанармай, өрт сөндіру құралдарын, киім-кешек алуға 2500,0 мың теңге қаржы қарастырылды, - дейді ол өз баяндамасында.
Аудан әкімі ерікті өрт сөндіру жасағының тізімін пысықтап, мекемелердің теңгеріміндегі көліктердің дайындығын тексеруді тапсырды.

WhatsApp Image 2022-05-20 at 12.23.58
Аудандық білім беру бөлімінің маманы Бисен Қадыров жазғы лагерьлердің жұмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, 280 оқушы сегіз ауысым бойынша аудан орталығындағы "Самал" лагерінде демалады деп күтілуде, барлық дерлік мектепте жазғы лагерь жұмыс жасайды. Оқушыларға суға жүзуді үйрететін үш дана қалқанды бассейн сатып алу жоспарланған.
Аудандық Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының у.м.а Жасұлан Мұхитов мекемелердің жылыту маусымынан өтуі ахуалын баяндады. Мәдениет, білім және денсаулық саласының 76 нысанының 46-сы бу қазандықтарымен, 12-сі электр қуатымен, қалған 18-і қатты отынмен жылытылады екен.
Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:
- Жылыту маусымына сақадай саймыз, тексерілді деген есеп өткен жылы да айтылды. Бірақ нәтиже соған сай болды ма? Ақаулық шығып, қыстан ілдебайлап шыққан мекемелер баршылық. Есепті қағаз жүзінде қабылдамай, комиссия құрып, график бекітіліп, әр мекемеге барып, тексеруді тапсырамын, - деді.

Анар Артықбай,
Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале