Кеше Мәстексай ауылында мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Мәдениет – ұлттың рухани діңгегі» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды. Алдымен мәдениет үйінің ауласында дайындалған мерекелік фуршеттен дәм татылып, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Еслямғалиева құттықтауын жолдады.
Кейін сала қызметкерлері залға жайғасып, сазды бағдарламаға кезек берілді. Аудан басшысы Алпамыс Жаңабайұлы кәсіби мереке иелеріне ізгі лебізін арнап, Ақнұрлы Нұрғалиқызына халықаралық «Махамбет» хорының төрағасы Болат Батырдың алғысхатын табыс етіп, «Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері» төсбелгісімен марапаттады.
Сондай-ақ аудан мәдениетінде елеулі еңбектері бар бір топ жанға облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиевтің, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың, аудан әкімі мен мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының және салалық кәсіподақ ұйымы төрағасының құттықтаухаттарын үлестірді. Аталмыш шарада мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған халықтық фольклор ансамблі Еркін Нұрымбетовтың «Ақжелеңі» мен Құрманғазының «Балбырауынын» тарту етіп, Бекқали Сағынғалиев Майлықожаның термесін жүрекке жеткізе орындады. Сонымен қатар Айзада Сейтова, Махамбет Нұрахметов, Жанболат Мұсағалиев пен Аида Серікқалиева сынды әншілер де әсем әндерімен кең қошеметке ие болды.
Мекеменің жас режиссеры Жалғас Қуанышқалевтің мәдениет саласының қызығы мен шыжығы суреттелген шағын көрінісі көңіл толқытпай қоймады.
Мерекелік шара түскі астан соң Мәстексай ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Тембил тур – 2025» спорттық додасына ұласты. Аудан өнерпаздары «Мәдени орда», «Өзгеше мәдениет», «Сәйгүлік» атауларымен 3 топқа бөлініп, керме жіптен шалқайып өту, шелекпен су құю, секіргішпен секіріп (топ капитаны), табан тартыс және дөңгелекпен жүру сынды спорттық тапсырмалардан бәсекеге түсті.
Әрбір команда ұйымшылдықпен әдемі ойын өрнегін көрсетіп, қорытындысында «Сәйгүлік» тобы жеңімпаз атанып, 50 мың теңгелік қаржылай сертификатқа, «Өзгеше мәдениет» командасы 2-орынға ие боп, 30 мың теңгелік марапатқа, “Мәдени орда” тобы 3-орынға табан тіреп, 20 мың теңгелік ақшалай сыйлыққа лайық деп танылды.
Айзада Ақбасова
Жаңақала ауданы