29.08.2023, 23:39
Оқылды: 56

Саладағы сан мәселе сөз болды

29 тамыз күні «AMANAT» партиясы ғимаратында Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Рашид Нәсіпқалиұлы Иманғалиев Казталов ауданы тұрғындарын қабылдап, ветеринария мәселелеріне қатысты жиын өткізді.

371093020_748491960620365_8250353158887191403_n

Жиында басқарма басшысының орынбасары Рашид Иманғалиев салаға қатысты облыста және ауданда атқарылған бірқатар істерге тоқталып, жалпылама мәлімет беріп өтті. Әсіресе, бұралқы ит-мысықтарды зарарсыздандыру, аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу, ветпункттердің күрделі жөндеуіне қатысты атқарылған жұмыстарды айтып өткен ол, алдағы уақытта Казталов ауданының ветеринария саласына 8 ГАЗсоболь маркалы және 1 JAC маркалы автокөліктің берілу жоспары бар екендігін жеткізді. Одан әрмен жиын сұрақ-жауап форматына ауысып, жиналғандар салаға қатысты түйткілді мәселелердің шетін тарқатты. Атап айтсақ, жиын қатысушылары тарапынан сібір жарасы көмінділерінің қоршалуы, мал моласын жасақтау мәселесі, жол бойындағы бағымсыз мал, малды бірдейлендіру, ИСЖ мен ауыл әкімшілігіндегі санақ арасындағы айырмашылық, бұралқы ит-мысықтарды аулау және киік өлекселерінің кесірі жайындағы бірқатар мәселелер қозғалып, назарға алынды. Айтылған мәселелердің көпшілігі қаражатқа, белгілі бір заң нормаларының қаралмағандығына байланысты және өзге де себептермен еліміздің басқа да аймақтарында туындап, шешімі табылмай келе жатырғандығы сөз болды. Жиында қозғалған бірқатар мәселелер жергілікті деңгейде шешілетін болып келісілсе, кейбір күрделі жайттар облыстық басқарма қаперіне алынды. Көтерілген түйткілдің түйінін тарқатып, шешімін табу келер күннің еншісінде.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале