10.11.2022, 11:15
Оқылды: 26

«Салтым – санам, дәстүрім – дәулетім»

Бәйтерек ауданына қарасты Трекин ауылындағы Қадыр Мырза Әли атындағы қазақ орта мектептің 9а-сыныбында ерекше іс-шара өтті. Оқушылар мен ата-аналар, сынып жетекшісі бірлесіп ұйымдастырған басқосу «Салтым – санам, дәстүрім – дәулетім» деп аталды. Яғни ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауды мақсат етті. 

1

Сынып жетекшісі Аягүл Абуғалиеваның айтуынша, бұл іс-шара «Отбасы – мектеп» жобасы аясында өткен. Қазақ халқы үйіне келген сыйлы қонағына қойдың басын ұсынады. Бұл – қазақтың ежелгі дәстүрі. Жоба аясында ер балалар қой союды үйренді. Белсенді ата-аналар осыған байланысты үй-жайды дайындап, балалардың қауіпсіздігін басты назарға алды. Әкелер ұлдарына қой союдың әдіс-тәсілін көрсетті. Әжелер қыздарды қой мүшелерінің атауларымен (сүйектерімен) таныстырып, табақ тарту тәртібін түсіндірді. Сондай-ақ қыздар аналарының бағыт беруімен қамыр жайып, ас дайындады. Бауырсақ пісірді. Дастарқанға тағам әзірледі. Іс-шараға қатысқан мектеп мұғалімі Нұрлан Масонұлы ұлттық құндылықты дәріптейтін тағылымды әңгімелер айтты. «Сыртынан бақылап тұрғанымда үлкен-кішінің барлығы тату, бір атаның балаларындай көрінді. Тіпті ата-аналардың өздері де «Бәріміз ағайын-туған, абысын-келін сияқтымыз» деп риза болысты. Осы кештен кейін әкелердің мектеппен байланысы артты. Олар баласының сабағын, тәртібін сұрап, хабарласып отырады. Қанша жұмысбасты болса да, балаларының тәрбиесіне, олардың тұлғалық қалыптасуына көңіл бөліп жүрген 9а-сыныптың ата-аналарына ризамын», – дейді Аягүл Құдайбергенқызы.

2

Аягүл Абуғалиева 2013 жылдан бері осы мектепте қызмет атқарады. Қазіргі оқушыларын 5-сыныпта оқып жүргендерінде қабылдап алған екен. Сыныптағы балалардың ауызбіршілігін арттырып, ата-аналардың мектеппен байланысын нығайту мақсатында былтырдан бастап іс-шараларды ерекше сипатта өткізуді қолға алыпты. Әсіресе балалардың әкелерінің белсенді болғанын қалайды. Себебі мектепішілік іс-шараларға аналар келгенімен, әкелер төбе көрсетпейді. «Бала тәрбиесіне әкелер де атсалысуы керек» дейді сынып жетекшісі. Осы мақсатта «Бранч» сипатында да (кешіктірілген таңғы ас) жиналыс ұйымдастырған екен. Бейресми өткен іс-шараға сыныптағы 14 оқушының 11-нің әке-шешесі, соның ішінде алғаш рет үш баланың әкесі қатысыпты.

– Әкелердің келгеніне қуанып қалдық. Себебі бұған дейінгі жиналыстарға, кездесулерге 4-5 ана ғана келетін. Осы басқосуда бір оқушым «Бізге уақыт арнағандарыңыз үшін рақмет» деген еді. Бұл сөз маған ерекше әсер етті. Ойлап қарасақ, терең мәні бар сөз емес пе?! – дейді сынып жетекшісі. Мектеп пен ата-аналардың арасында тығыз байланыс орнатып жүрген ізденімпаз ұстаздың еңбегіне мектеп әкімшілігі де дән риза.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале