1.06.2023, 17:16
Оқылды: 12

Сәт сапар, жас түлек!

Биыл  еліміздің барлық мектебінде  соңғы қоңырау рәсімі маусым айының бірінші күні өтеді. Алтын ұя мектебін, білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарын қимай жүрген түлектердің хал-жағдайы бізге жақсы таныс.  Теректі ауданында 2022-2023 оқу жылында орта мектеп аяқтаған  254 түлек жаңа өмірге қадам басады. Теректіде  7 оқушы  «Алтын белгі» үміткері. Осы орайда мектебімен қоштасқалы жүрген түлектер мен олардың  дайындығы жөнінде тілдестік.

IMG-20230601-WA0012

Түлектер жемісі - ауыл жетістігі

 

Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінде биылғы  оқу жылында  17 түлек алтын ұя мектебінен ұшқалы жатыр.

- Сынып жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанболат Қартмағамбетов шәкірттерінің жағдайын жасап, мектеп кезеңінің ерекше өтуі мен оқушыларының сабақ үлгеріміне баса назар аударуда, - дейді мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Дараш Мұқанова.

Айтса айтқандай, 2022-2023 оқу жылы Аңқаты мектебі үшін  жетістікке толы,  жемісті оқу жылы болғалы тұр. Бітіруші 17 түлек ішінен   5 түлек «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Ол жайында Дараш Әбділдиева кеңінен тарқатты.

-Атап айтсақ, Аягүл Өтешова, Сабина  Сәлімгерей, Бақтияр  Есболатов, Айгүл Мұратова және Армат Мұратов «Алтын белгі» төсбелгісіне  ұсынылды. Айжанар Ахметова  «Ерекше аттестат» иегері атанбақшы. Оқушыларымыз  түрлі аудандық,  облыстық, республикалық   физика, математика, қазақ тілі мен әдебиеті,  биология, орыс тілі мен әдебиеті сынды пәндік олимпиадалар мен сайыстардың, регаталардың  жүлдегерлері.  Оқушыларымыз ҰБТ сынақтарында жоғары балл жинап, жақсы нәтижелерімен көрінуде. Биылғы түлектеріміздің  жемісін  тек мектебіміздің педагогикалық ұжымы ғана емес, ауыл тұрғындары да зор мақтанышпен айтады. Жылдар бойы сапалы білім мен саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында ерең еңбек етіп жүрген Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінің педагогикалық ұжымына алғыс білдіреміз. Түлектерімізге  алдағы ұлттық біріңғай тестілеуде  жоғары балл жинап, қалаған оқу орындарына түсуіне тілектеспіз, -  дейді ол.

 

ҰБТ- үлкен мүмкіндік

 

Аңқатылық «үздіктердің» бірі - Айгүл Мұратова болашақта медицина саласы қызметкері болуды таңдаған. Қазіргі уақытта биология-химия пәндерін таңдаған ол күнделікті тыңғылықты дайындалу үстінде.

-Биыл соңғы қоңырау салтанаты күні өзгергені өте жақсы болды. Оқу жылы ұзарғаны біз үшін тиімді.  Оқушыларға дайындалуға бірнеше күн қосылды. Сол күндерді бос өткізбей, кітаппен дос болу қажет. Алдымызды үлкен сын, үлкен дода. Мектеп бітіретініме өте  қуанышты сезімде жүрмін. Алдағы тестілеуді  мен тегін, грант арқылы оқуға берілген  мүмкіндік  ретінде көремін.  Грант жеңіп алу арқылы отбасыма жеңілдік жасаймын  деген үміттемін, - дейді Айгүл Маратқызы.

Дайындықты ерте бастаңыз

Шалғайдағы Шағатай ауылындағы мектептің белсенді шәкірттерінің бірі - Әзиза Жақан. Ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы  мектептен үздіктер шықпауы мүмкін емес. Білімімен де, тәрбиесімен де  ерекшеленіп, оған қоса мектеп өміріндегі кез келген  шараның бел ортасынан табылатын Әзиза  мектебін қимайтынын айтады.

-Мен ҰБТ тапсыруда мамандыққа байланысты  биология-география пәндерін таңдадым. Жоспарым - Алматы қаласындағы Тұран университетіне психолог мамандығына түсу. Бұл мамандықты тандауымның себептері өте көп. Біріншіден, өзімнің ішкі қалауым. Және де замануи, қай кезде де қажетті мамандық.  Психолог қаншама адамға көмектесіп, тіпті өмірін сақтап қала алады. Сөйлесіп,  адамның психикасын түсініп әрекет етуге болады. Қазір жастар қит етсе  өз өміріне қатер төнгізуге даяр тұрады. Бірақ, бұл - қате қадам.  Өмір бір-ақ рет беріледі.  Әрине, оны  бақытты өткізу - біздің мақсатымыз, - деген Әзиза мектебі, достары жайлы жылы лебізін айтты.

-Менің мектебім өте керемет. Мұғалімдер тәжірибелі, бар білгенін бізге үйретуде. Сынып жетекшім Ляззат Кенжеғалиқызы бастауыш сыныпты аяқтаған сәттен бастап қасымызда. Мектеп бітіретін түлек ретінде мектебімді қимай жүрмін. Алтын ұя мектебіммен қоштасу қиын болып тұр. Мектебімді, ұстаздарымды, сыныптастарымды қатты сағынатын секілдімін. Жаныма жақын болып кеткен жандармен қоштасу өте қиын. Алдағы ҰБТ мен үшін жай ғана тест. Маңызды деп санамауға тырысып жүрмін. Оқыған адам жерде қалмайтынын білемін. Алға қойған мақсаттарға жету адамның өзіне байланысты. ҰБТ жәй ғана сол мақсатқа жетуге көмектесетін құрал десем болады. Егерде тестілеуге барып, бағымды сынаймын десеңіздер, дайындықты  10-сыныптан бастаған жөн. Қазірден бастап ойланып, ақылға салып, жүректеріңіз қалаған мамандықты тандаңыздар. Ата-анам айтты немесе ол мамандықтың ақшасы көп деп емес, өзіңізге шын ұнайтын мамандыққа барғаныңыз жөн. Және де мектептегі сәтті бағалаңыздар, ол уақыт қайта оралмайды. Мектеп  түлектеріне айтарым: арманда, мақсат қой және сол мақсатқа жетуге талпын. Тек осы үш әрекет арқылы өмір жолыңды өзің жаса. Әр адам өмір деген киноның актері. Сол кинода қандай рольде ойнайсыз,  ол өз таңдауыңыз. Сол себепті, дұрыс тандау жасаңыздар. Тәуекел етуден қорықпаныздар, - дейді жас түлек Әзиза Жақан.

 

Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале