21.06.2022, 12:30
Оқылды: 70

Сауатты басшы, білгір ұйымдастырушы

Елмен етене араласып, еңбек етумен келе жатқан Мұрат Залмұқановты бәйтеректіктер ауданның өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген азамат ретінде біледі әрі сыйлайды. Қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастаған ол білімі мен біліктілігінің арқасында мемлекеттік қызмет барысында сатылап өсіп, абыройға бөленді. 

мурат залмуканов

Ол еңбек жолын 1985 жылы Янайкин ауылындағы шаруашылық бірлестігінде тракторшы болып бастады. Әскери борышын өтеп келгеннен соң шаруашылықтағы жұмысын жалғастырды. Бригадирдің көмекшісі, артынан бригадир болды. Шаруашылық білестігі директорының орынбасары қызметінен кейін, яғни 1999 жылы Зеленое ауылының әкімі қызметіне тағайындалды. Төрт жыл бойы ауыл тұрғындарымен қоян-қолтық жұмыс істеді. Содан кейін аудан әкімі аппаратына қызметке ауысты. Түрлі бөлімдерде белжастана атқарған еңбегінің нәтижеінде аудан әкімі аппаратына жетекшілік жасады. Ал қазір, яғни 2018 жылдан бері аудан әкімінің орынбасары қызметін абыроймен атқаруда. Осы лауазымдағы қызметтік міндеттемесіне сәйкес ол ауданның көлік және коммуникация салаларын жетілдіру, көліктік инфрақұрылымды, жол шаруашылығын дамыту, елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамту бағытында тер төгіп келеді. Отын және энергетикалық кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, азаматтық қорғаныс, төтенше  жағдайлардың алдын алу және жою, экология және қоршаған ортаны қорғау жұмыстарына да жауапты.

Мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес ауданда жол құрылысы қарқынды жүзеге асуда. 2019-2023 жылдары аралығында ауданда 255 шақырым жол салынады деп күтілуде. Қазіргі таңда ол жоспардың біраз бөлігі орындалды. Тұрғын үй, өзге де әлеуметтік нысандар салу мен күрделі жөндеу бағытында ірі жобалар іске асырылуда. Бүгінде бәйтеректіктердің 83,7 пайызы таза ауыз сумен қамтылып отыр. Газбен қамту көрсеткіші 99,5 пайызға жетті. Ауылдарды жарықтандыру, абаттандыру, көң-қоқыс төгілетін полигондар салу, төтенше жағдайлардың алдын алу, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын су қорғау құрылымдарын жетілдіру жұмыстары да қарқынды жүруде. Міне, осындай игі істердің, нақтылап айтқанда стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың уақтылы жүзеге асуының басы-қасында Мұрат Дүйсенұлы жүреді. Қашанда адалдық пен әділдікті ту қып көтерген кейіпкеріміз өзіне сеніп тапсырылған істі жауапкершілікпен атқаратыны да әріптестеріне үлгі.

Ел Президенті, Үкімет, облыс басшылығы, аудан әкімі тапсырмаларының жергілікті жерде жедел шешімін тауып, сапалы орындалуына ұйытқы болып жүретін ол өзін сауатты басшы, білгір ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Заманмен үндес болуға тырысып, өзін қашан да жетілдіріп жүретін Мұрат Дүйсенұлы өзі жетекшілік ететін салалардың жұмыстарын жаңаша ұйымдастыруға, тың әрі тиімділігі жоғары әдіс-тәсілдерді енгізуге бейім. Осындай үйлесімді жұмыстың, өзіне және өзгеге де қатаң талап қоя білудің арқасында әрбір іс нәтижелі болары аян.

Еңбек тәртібін, мемлекеттік қызметші этикасы нормаларын сақтайтын, алдына келген адамды ыждағаттылықпен тыңдап, мәселесін заң аясында шешуге тырысатынын да айта кеткен жөн. Тұрғындар мен әріптестері арасында абырой-беделге ие Мұрат Дүйсенұлының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне - 15 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне - 25 жыл» мерекелік медальдарымен, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының және Батыс Қазақстан облысы әкімінің алғысхаттарымен марапатталды.

Қорыта айтқанда, еліміздің өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына, қоғамның кез келген саласының дамуына Мұрат Залмұқанов секілді мемлекеттік қызметкерлердің қосар үлесі аз емес.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале