9.11.2023, 16:30
Оқылды: 44

Сәуле Таудаеваның кеші өтті

Дәстүрлі ән өнері ұлтымыздың тамырын тереңнен тартатын рухани мұрасы екені анық. ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, «Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Сәуле Таудаеваның бұл салада сіңірген еңбегі көпке аян.

IMG_3919

Биыл 65 жасын қарсылаған ардақты қызына ақжайықтықтар лайықты қошемет көрсете білді. Туған жері Тайпақ ауылында жерлестермен жылы жүздесу өтіп, жуырда Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында бұлбұл әншінің шығармашылығына арналған кеш ұйымдастырылды. Ал өткен аптада Чапаевтағы Жұбан орталығында өткен «Ақ домбыралы ән Сәуле» атты керемет ән кешінің көрерменнің есінде ұзақ сақталары шүбәсіз.

С.Таудаева, оны қолдап келген ақын, жұбантанушы, ардагер-ұстаз Үзілдік Елеубайқызы мен термеші шәкірттерінің бірі, дәстүрлі әнші Назгүл Қабиева, өзге де меймандар алдымен орталық алдындағы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Дәстүрлі ән әуелейтін кешті асыға күтіп, орталыққа жиналған қауымға өнерпаз бас ие құрмет көрсетіп, ризашылығын білдірді.

Осы кешті өнер мен руханияттың құдіретін ұғына білетін ақын Сағынтай Бисенғалиевтің де жүргізгені көпшіліктің көңілінен шықты. Сәуле Жаманқызының балалық шағынан бүгінгі биігіне дейінгі ғұмыр жолы мен шығармашылығын жетік білетін ол әсерлі сұхбат құра отырып, өлеңмен кешті әсем өрнектеді.

Шараға арнайы қатысып, жерлесімізге құрметін көрсете келген аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Сердалин сөз сөйлеп, сый-сияпат табыстады.

– Сізді бүкіл Ақжайық жұрты мақтан етеді. Бала кезден тыңдап өскен тұтас бір буынның дәстүрлі әнге құштарлығын талант-дарыныңыздың арқасында оятып, осы өнерге жастардың келуіне ықпал еттіңіз. Мәскеу, Саратов, Астрахань, Самара, Өзбекстан, Қарақалпақ елдерінде болып, қазақтың өнерін, әнін, термесін дәріптеп жүрген бірегей әншісіз. Әрдайым ел мақтанышы болып аман жүріңіз, – деді Мұрат Сердалин.

Еңбек ардагерлері: ақын Ү.Елеубайқызы, белгілі сазгер Құбайдолла Хибашев, ақын-ұстаз, Тілес Жазықбай, руханият жанашыры Дәулетжан Жақсыбаев, өнердегі сапарластары Қамария Зейналиева, Жұмағаным Сырымовалар тілектерін жеткізді.

Шараның көркін кеш иесімен бірге келтірген аудан, облыс өнерпаздары кезектесіп термелетіп, жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Атап айтқанда,  халықаралық байқаулардың лауреаты Данияр Елеуов Дәукеннің «Жас дәурен», Ғ.Құрманғалиевтың «Қаламқас» әндерін шырқап берсе, республикалық байқаулардың лауреаты Гүлжамал Қайбалиева «Әдемі қыз» әнін әуелетті. Термеші Дәурен Ораш «Құмардың термесін» көрерменге тарту етіп, Ақмарал Таудаева Мұхиттың әндеріне кезек берді.

 Жас өнерпаз, республикалық балалар шығармашылығы байқауының жеңімпазы Назгерім Сәкенқызы Қызылдың «Ой көк» әнін шырқады. С.Таудаеваның шәкірті Н.Кабиева батыстың дәстүрлі ән мектебінен бірнеше термені орындап берді.

– Тайпақта туып-өстім, сондағы мәдениет үйінде еңбек жолымды бастадым. Кейіннен Алматы қаласына аттанып, республикалық эстрада-цирк  өнер студиясының халық әндері бөлімінде атақты әнші Ғ.Құрманғалиевтың класында дәріс алдым, сондықтан өнердегі ұстазым деп дәріптеймін. Содан соң Алматы мемлекеттік Жамбыл атындағы филармонияның «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамбліне жолдамамамен жұмысқа қабылдандым. Елге оралғаныма 30 жыл болыпты, осы уақытта Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінде, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде қазақтың дәстүрлі ән-термелерінен дәріс беріп келемін. Шүкір, өнер шыңын бағындырып, республиканың түкпір-түкпірінде қызмет ететін шәкірттерім бар. Жаңадан өнер айдынына қосылған термешілер де көбейіп келеді. Мұның барлығы – ұлттық өнеріміздің ұмытылмай, ұрпақтан ұрпаққа жаңғыратынының кепілі. Бүгінгідей тамаша кешті ұйымдастырушыларға, алтын уақытын бөліп, дәстүрлі өнерден сусындауға келген көрерменге басымды иіп, алғыс айтамын. Еңбегімізді бағалап, құрметін көрсететін ел-жұртымыз аман болсын, – деп риясыз көңілмен жерлестеріне ризашылығын жеткізді С. Жаманқызы.

Асыл Қайрат,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале