29.04.2026, 17:30
Оқылды: 10

Сахна сәні – «Жұлдыз» ансамблі

 29 сәуір – Халықаралық би күні

Халықаралық би күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде өтетін кез келген шараның реңін келтіріп, көркін ашатын әшекейі - «Жұлдыз» би ансамблінің жетекшісі,  Мәдениет министрі алғыс хатының иегері және ҚР Мәдениет саласының үздігі Жанар Тайшыбаевамен тілдесіп, би өнері жайында әңгіме өрбіттік. Аталмыш би ұжымы Теректі жұртшылығына сұлулық пен талғамның үйлесімін көрсетіп қана қоймай, халықаралық сахналарда да өнер көрсетіп, қазақ би өнері шеберлігін әлемге паш етіп жүр. Бүгінгі кейіпкеріміз үшін би жәй ғана мамандық емес, өмірінің өзегі. Жанар Жеңісқызы уақыттың тапшылығына қарамастан, өзінің қарбалас жұмыс кестесінен бос орын тауып, бізбен сұхбат құрды.

WhatsApp Image 2026-04-22 at 18.28.04

- Жанар Жеңісқызы, өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

- Мен 1977 жылы 10 қаңтарда Теректі ауданы, Подстепный ауылында дүниеге келдім. Махамбет Өтемісов атындағы БҚМУ хореография кафедрасының түлегімін. Мамандығым - педагог-хореограф. Қазіргі таңда Теректі мәдени - демалыс орталығының жанындағы “Жұлдыз” үлгілі би ансамблінің негізін қалаушы әрі жетекшісімін. Осы мекемеге 2001 жылы келген болатынмын, биыл қызмет еткеніме 25 жыл болады. Жалпы, жұмыс өтілім 29 жылдан асты. Жоғарғы санатты педагог - хореографпын.

-Биге қызығушылығыңыз қалай басталды?

-Мен мектепті 11 жыл бойы Казталов ауылында оқыдым. Есімде, 3-сыныпта мектебімізге хореограф келіп, қыздарды таңдады. Таңдалғандар қатарында мен де болдым. Сол уақыттан бастап, қазіргі күнге дейін менің өмірім әдемі би өнерімен жалғасып келеді. Балалық арманым орындалды. Әрине, би ұстазы болып, шәкірт тәрбиелеймін деп ойламадым. Бірақ балалармен жұмыстанып бастаған кезде өзіме ұнады және қолымнан келетініне көзім жетті. Атақты биші болмасам да,үлкен қалаларда жұмыс жасамасам да, ауыл балалары арасынан үлкен кәсіби сахнада өнер көрсетіп, жұмыс жасап жүрген шәкірттерім көп. Би бұл – уақытша дүние емес, жақсы хореографтың көптеген шәкірті болады. Сол шәкірттер сенің атыңды ұмытқызбайды. Қазір қасымда бірге жүрген хореограф  Тасмұратова Камила Жақыпқызы - менің шәкіртім. «Жұлдыздың» бұрынғы бишісі, кішкентай кезінен бимен айналысқан, қызыл дипломға бітірген кәсіби маман. Қазір осы ансамбльге келіп еңбектеніп жатыр.

ЖҰЛДЫЗ БИ АНСАМБЛІ МӘСКЕУ ҚАЛАСЫНДА

-Би өнерінің сіз үшін қандай маңызы бар?

- Би - ең әдемі, тілсіз өнер. Мен үшін би — ол жанымның тілі, менің еркіндігім, тынысым, ішкі әлемімнің айнасы. Би - менің өмірім, бисіз өмірімді елестете алмаймын. Би — адамның жан дүниесінің тілі. Кейде сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес сезімдер, ойлар, күйзеліс немесе қуаныш дәл қимыл арқылы ашылады. Бұл — эмоцияны өңдеу, өзін тану, ішкі еркіндікке шығу жолы. Әр халықтың биі — оның өткені мен болмысының айнасы. Қазақтың халық билерінде көшпелі өмір салты, табиғатпен байланыс, салт-дәстүр, тіпті мінез көрінеді. Мәдени тұрғыдан алғанда, би — ұлттық кодтың бір бөлігі. Халық билері арқылы адам өз халқының тарихын, дүниетанымын, салт-дәстүрін бойына сіңіреді. Бұл оның тұлғасында ұлттық сана мен рухани тереңдікті қалыптастырады.

- Адам тәніне, яғни денсаулыққа пайдасы қалай көрініс табады?

-Би,ең алдымен, сымбатты, дұрыс дене қалпын қалыптастырады. Бимен айналысатын адамның жүріс-тұрысы әдемі, сенімді болады. Қол, мойын, арқа қозғалыстары әсемденеді. Денені бақылау қабілеті артады. Биші адамды сыртынан-ақ тануға болады. Оның сымбаты, жүрісі, өзін ұстауы ерекше. Би — бұл тек өнер емес, ол дене мен жанның үйлесімді дамуы.

-Бимен айналысатын адамдар несімен ерекшеленеді?

- Педагог ретінде қарағанда, бимен айналысатын адамның тұлғасы тек физикалық дағдылармен емес, ішкі мәдениетімен, дүниетанымымен, сезіну қабілетімен ерекшеленеді. Ең алдымен, би адамда тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырады. Үнемі дайындық, қозғалысты дәл орындау, сахна мәдениеті — мұның бәрі адамның өз-өзіне талап қоя білуін үйретеді. Мұндай адамдарда ішкі жинақылық пен еңбекқорлық айқын көрінеді.

WhatsApp Image 2026-04-22 at 18.27.03 (3)

-Би қимылдарының қойылуы, идея қалай келеді?

- Хореограф алдымен не айтқысы келетінін анықтайды. Бұл — бидің өзегі. Кейін сол ойға сай образ, сюжет, көңіл күй құралады. Кейде нақты оқиға болады, кейде тек сезім беріледі. Қимылдар кездейсоқ емес, әр қозғалыстың өз мағынасы бар. Олар музыкамен үйлесім тауып, идеяны ашуы қажет және орындаушының мүмкіндігіне сай болуы керек.

-Биге арналған киім үлгісі қалай таңдалады?

-Киім — бидің ажырамас бөлігі, ол да «сөйлейді». Таңдау кезінде бірнеше маңызды нәрсеге мән беріледі: мысалы, ұлттық би болса дәстүрлі элементтерге, заманауи би болса, минимализм немесе еркін стильге. Түстің өзі эмоция береді: ашық түстер қуаныш, энергия сыйласа, қою түстер тереңдік пен драматизмге бөлейді.Киім қозғалысты шектемей, қимылға еркіндік беру керек. Әдемілік пен ыңғайлылық бірге жүруі маңызды.

WhatsApp Image 2026-04-22 at 18.27.03 (1)

-Бидің көрермен назарынан тыс қалатын тұстары қандай?

- Әдемі көрінетін әр қозғалыстың артында үлкен еңбек жатыр: күнделікті жаттығу, денені бақылау, төзімділік, сахналық тәртіп. Би — тек шабыт емес, ол — жүйелі еңбек пен өзін-өзі тәрбиелеу. Биші тек қозғалып қана қоймайды, ол музыканы «сезінеді». Ырғақ, екпін, пауза — бәрі қозғалысқа айналады. Осы сәтте би мен музыка бір бүтін болады.Сахнаға шығу — батылдық. Би адамға өзін көрсетуге, сенімді болуға, қорқынышты жеңуге көмектеседі. Бұл — тұлғалық өсу құралы. Жақсы би — көрерменге әсер етеді. Биші өз энергиясын залға береді, ал көрермен оны сезінеді. Осы көрінбейтін байланыс — бидің ең сиқырлы тұстарының бірі. Би өнерінің артында жан, тарих, еңбек, тәртіп, сезім және үлкен махаббат жатыр. Ол — тек қозғалыс емес, ол — тұтас өмір философиясы.

-Сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

 

Сұхбаттасқан Қаламқас Аманжолқызы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале