23.02.2022, 10:11
Оқылды: 45

Сахнаны спорт алаңына ауыстырды

Бәйтерек ауданының мәдени-демалыс орталығы Погодаев ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде мәдениет саласы қызметкерлерінің спартакиадасын ұйымдастырды.

IMG-20220222-WA0024

Микрофонын спорт алаңына ауыстырған сахна саңлақтары жарысының ашылуына арнайы келген Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, меценат Бейбіт Асанов қатысушыларға сәттілік тілеп, бабы мен бағы қатар шапқан шын мықты жеңіске жетсін деген тілегін білдірді.

Мәдени-демалыс орталығының әдіскері Амангүл Намазованың айтуынша, спорттық шараны ұйымдастырудағы басты мақсат мәдениет қызметкерлерінің арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру екен.

Бір күнге сахнаны тастап, спорт алаңына шыққан өнерпаздар дойбы, үстел теннисі, волейбол спорт түрлерінде бақ сынады. Жарыста ауданға қарасты 33 мәдениет ошағы қызметкерлерінен құралған "Бәйтерек", "Алға","Шелковый путь", "Жалын", "Дариян", "До-ре-ми", "Достық" сынды командалар өзара бақ сынасты.

IMG-20220223-WA0021

Тартысқа толы болған спартакиада қорытындысында волейбол жарысында бірінші орын Переметный ауылындағы аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінен құралған "Бәйтерек" командасына бұйырса, екінші орынды Погодаев, Асан, Махамбет ауылдық клубтарының ұжымынан құралған "Шелковый путь" үшінші орын «ШЫҢ» сазды-драма театры, тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінен жасақталған "Достық" командасына бұйырды.

Одан бөлек өнерпаздар  үстел теннисінен де сынға түсті. Қорытындысында бірінші орынды Кенесары Болғанбаев, екінші орынды Жеңіс Қасымов, үшінші орынды Жігер Сатқанов жеңіп алса, әйелдер арасында Ақкенже Умурбекова бірінші, Айым Бисенбаева екінші, Гүлсезім Кенжегулова үшінші орынға ие болды. Ал дойбышылар жарысының ерлер сынында  Меркурий Жармұхамбетовке тең келер спортшы табылмаса, Болат Нұрғалиев екінші, Кенжебек Бақытжан үшінші орынды қанжығалады.

IMG-20220223-WA0019

Үнемі сахнада халықтың қошеметіне бөленіп жүретін өнер иелерінің тартысқа толы кездесулері қызыққа толы болды. Әсіресе волейбол ойыны тартысты болды.

IMG-20220223-WA0020

Болашақта мұндай жарыстар жиі өтіп тұратын болады.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы 

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале