13.07.2022, 11:15
Оқылды: 67

Сазгер Жаңақалада

Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, танымал сазгер, əнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Донеділ Қажымов Жаңақала ауданына келді.

IMG_7498

Танымал сазгерді аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Даниал Танзенов Жаңақала ауылының кіреберісінен қарсылап алып, ақ ұсынды.

Әрі қарай аудандық мәдениет үйінде «Ақжайық, елге келсем сен деп келем» атты сазгердің 70 жылдық мерейтойына арналған жеке шығармашылық ән кеші өтті.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі белгілі композитор жөнінде жарық көрген кітаптардан көрме ұйымдастырды. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы сазгерді 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдіре келе аудан әкімі Дархан Закариннің алғысхаты мен сый-сыяпатын ұсынды.

Одан әрі танымал сазгер өз әндерінің жазылу тарихына тоқталды. Донеділ Қажымовтың жеке шығармашылық ән кешінде Жанболат Мұсағалиев, Айзада Сейітова, Нұржан Отарбаев, Анита Қанатова сынды аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары да өнер көрсетті.

Донеділ Қажымов Ақжайыққа арнаған бірқатар әнін халық назарына ұсынды. Жерлес ақын Закария Сисенғали сахна төріне шығып сазгерді 70 жасымен құттықтап, қазақтың ата салты бойынша шапан кигізді.

IMG_7479

Кеш барысында Сағынғали Сейітовтың сөзіне жазылған «Ақжайық, елге келсем, сен деп келем», Жолбарыс Баязитовтың «Ауылым алтын бесігім», Закария Сисенғалидің сөзіне жазылған «Ақжайық – ару мекенім», «Мендегі көңіл күйді сұрамаңдар», Абдул Рахметовтың сөзіне жазылған «Өзіңмен ғана билеймін», Қадыр Мырза-Әлінің «Ата», Қатимолла Бердіғалиев «Алдымнан қалқам кезіктің», Болатқали Төлебаев «Алтынай» әндерін өзі жанды дауыста шырқады.

Кеш Қадыр Мырза-Әлінің сөзіне жазылған «Оралым – әнім сенсің шалқыған» әнімен тәмамдалды.

Райхан Амантайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале