13.04.2021, 12:44
Оқылды: 85

Сезімі сергек ісмер

Рубежка ауылының тұрғыны Әлия Есқазиева – нәпақасын адал еңбекпен тауып, өз өнерін кәсібіне айналдырған жан. Жалақысы жақсы ұстаздық жұмыста жүрсе де, бала арманына қол созып, ісмерлікті кәсібіне айналдырған оның еңбекқорлығы көпке үлгі. Әлия Ғалымжанқызы осы күні тігіншілік пен қолөнерге түбегейлі бет бұрған. Осындай қолы алтын ауылдасты көрмекке оның шеберханасына арнайы атбасын бұрдық.

smart

«Тігіншіні инесі асырайды» деген сөз рас екен. Шеберханасына кірген бойда көзімізге түскен ұлттық нақыштағы көрпешелер мен көпшіктер, күнделікті қолданылатын заттарға арналған әсем себеттер мен түрлі киім-кешек көздің жауын алды. Айналаға көз жүгіртіп, «Осының барлығы адам қолымен жасаған ба?» деген еріксіз ойға да баттық.

Кейіпкеріміз Әлия Есқазиева ауданға қарасты Чинарев ауылында 1982 жылы дүниеге келген. 1999 жылы туған ауылындағы орта мектепті аяқтап, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжге оқуға түседі. Оны да ойдағыдай бітірген соң 2002 жылы ауылдағы мектепке ағылшын тілі пәні мұғалімі болып орналасады.  Бір жылдан соң отбасы жағдайына байланысты Рубежка ауылына қоныс аударады. Ол жаққа келген соң да ұстаздық қызметін жалғастырады.

smart

-2004 жылы тұңғыш қызым Әйгерім дүниеге келді. Декреттік демалыста отырған соң әжем үйреткен сүйікті ісіммен айналысуға уақыт табылды. Өзімнің «NOKIA» телефоныма себет жасап шықтым. Ол бұйым көпке ұнады. Содан газет қиындыларынан тағы бір шағын себет жасап, анам Марина Ғизатоваға тарту еттім. Анам ол сыйлығымды әлі күнге дейін көзінің қарашығындай сақтап келеді,-дейді Әлия ханым.

Жарының ісмерлігіне тәнті болған марқұм жолдасы Ерген Есқазиев Әлия Ғалымжанқызына арнайы типографиялық қағаздар алып беріп, шеберлігін шыңдай түсуге сеп болыпты. Жасаған бұйымдарын әдемілеу үшін және сапасын арттыру үшін колер, ПВ желімі, тонировалық лактарға да тапсырыс бере бастапты. Осылайша декреттік демалыстағы Әлия себеттердің неше түрін жасауға көшкен. Көп адам оның бұйымдарын өздерінің қуаныштары мен жақындарының туған күндеріне сыйлық ретінде ала бастапты. Әсіресе тонометр, дәрі-дәрмек, әшекей салатын себеттерге деген сұраныс көп болғанын айтады кейіпкеріміз.

-Күн өткен сайын тапсырыстар молайып, тек ауылдан ғана емес, Орал, Ақсай қалалары мен Мәскеу, Ташкенттен келген достарым мен туыстарым да тапсырыс беретін болды,-дейді ол.

B7032B68-7EE7-40E4-BCF0-5BE9011E1E45

Қолынан іс келетінін түсінген Әлия Ғалымжанқызы тоқуға да бет бұрады. Аллдымен балабақшадағы балаларына деп мойыншұлықтар мен түрлі белдемшелер тоқи бастаған. Ол ісі де көпшілікке ұнап, оның тоқыма бұйымдарына да сұраныс арта түседі. Сонымен қатар оның қоқысқа лақтырылатын бос шөлмектерді майлықпен қаптап, гүл салатын әдемі сауыттар жасайтын өнері бар. Оның осынша өнерді меңгеріп кетуі жаңаға деген құлшынысы мен үйренуге, білім жетілдіруге деген құштарлығынан болса керек.

-Былтыр Орал қаласына Ақтөбеден қолөнер шебері Айнагүл деген апамыз келді. Ол кісінің келгенін естіген бойда ақылы курсына жазылып, қазақтың құрақ көрпелерінің заманға сай түрлерін жасауды үйрендім. Шебер қолдар курсынан біраз тәжірибе жинадым десем артық айтқаным емес. Инстаграм арқылы Антонина Александровна деген шебермен танысып, 5 ай бойы көйлектерді пішуді үйреніп шықтым. Қазір ауылдастарымнан тапсырыстар қабылдап жүрмін. Жуырда сәбидің бесігіне қажетті құралдарға тапсырыс түсті. Бар өнерімді салдым. Жасаған бұйымдарым клиентімнің көңілінен шығып, алғысына бөлендім. Осындай кезде ісіңнің бекер емес екенін түсінесің,-дейді Әлия Есқазиева.

Шаруасын дөңгелетіп отырған ісмер ханымның алдағы күнге де жоспары көп. Өнерін шыңдай түсуді көздейді. Қолөнерге бейім етіп өсірген әжесінің «Зингир» іс машинасын да көзінің қарашығындай сақтап келеді. Ескі болса да әлі ақауы жоқ машина талай қызмет ететіндей.

-Одан бөлек жаңа заманғы іс машиналарым да бар. Бірақ ең ыстығы – әжемнің көзіндей болған осы «Зингир»,- дейді кейіпкеріміз.

Қолынан келген өнерін халықтың игілігіне жаратып жүрген ісмердің тыныс-тіршілігі қызығарлықтай. «Қолы білген құм үстіне кеме жүргізер» деген осы болар.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале