20.08.2023, 19:44
Оқылды: 21

Шағанның «спорт шебері»

Теректі ауданының Шаған ауылдық округінің орталығы - Жаңа Өмір ауылында үлкен спорт кешені жоқ. Тіпті, арнайы бөлек салынған спорт залы да жоқ. Балалар мектептегі спорт залы мен спорт алаңында жаттығады. Дегенмен, нағыз спортшы боламын деген жан амалын табады емес пе?!

WhatsApp Image 2023-08-20 at 20.31.36

Виолетта Филиппова - тап сондай, сүйікті ісімен айналысу үшін барын салған жас. Ол өз талабы мен жанұясының, жаттықтырушыларының  қолдауы арқылы үлкен жетістіктерге жетті.

2008 жылы Шаған орта мектебінің табалдырығын аттаған бүлдіршін Виолетта өзінің  болашақта «Спорт шебері» боларын білмегені анық.

Мектепте спорт шараларына белсенді қатысқан ол  2014 жылы іріктеуден өтіп, Орал қаласындағы спорт мектеп-интернатына ауысты.

Үйреншікті орта - жылы үйі, жанұясы, сыныптас, достары мен мектебінен қол үзу жеткіншекке оңай болмаған да шығар. Алдына мақсат қойып, спортты таңдаған Виолетта үзіліссіз жаттығу, жарыстар мен жолда жүрсе де, білім алуға, мектеп сабағын орындауға мұқият қарады.

Спорт мектебінде  волейбол ойнауға ден қойған ол команда құрамында ептілік, тез қимылымен ерекше көзге ілінетін. Волейбол – жеке адамның емес, топтың өзара қарым-қатынасы мен қимыл бірлігіне негізделген ойын. Виолетта өңірдегі ең үздік волейбол командасы – «Gracia-KZ» құрамында халықаралық, республикалық жарыстарда жеңіс тұғырына сан мәрте көтерілді. Жеңіске масайрап, «жетістікке жеттім» деп тоқталған жоқ, жаттығу алаңында тер төгуін бәсеңсіткен емес.

Сөйтіп жүріп 2019 жылы орта білім алуды аяқтаған бойжеткен Виолетта жоғары білім алуды да  спортпен байланыстырды.  Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетіне түсіп, биыл «дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі» мамандығын алып шықты.

Жоғары білім дипломымен қатар Виолетта Филиппова волейболдан «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын алды!

Бүгінде «ауылда спорт кешені жоқ», «спортпен шұғылдануға жағдай жасалмаған» дейміз кей жердегі балалар мен жастардың бос жүріске әуестігін ақтағандай.

Шаған мектебінің спорт  залы мен шаңды алаңынан шыққан «Спорт шебері» Виолетта спортпен айналысуды жайлы жағдайсыз да бастап, жетістікке жетуге болатынын дәлелдеді.

Енді кешегі тұлымы желбіреген  Виолетта - бүгін ұстаз, спорт шебері Виолетта Леонидовна!

Мақсатына жету жолында еңбек еткен Виолетта Филиппова енді ұстаз ретінде өзіндей спортшы жас тәрбиелеп, әлі талай жеңістерімен қуантады.

 

Тамара Жұмат

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале