20.12.2021, 18:00
Оқылды: 59

Шағын ауыл көгілдір отынға қосылды

Бәйтерек ауданы орталығы Переметный ауылдық округіне қарасты Поливной елді мекені аудан орталығына тиіп тұрғанымен, ол жақта не су, не газ болмаған-ды. Ел үкіметі мен аудан әкімдігінің арқасында Поливной ауылы осыдан екі жыл бұрын таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Енді ел егемендігінің 30 жылдығына орай аталмыш ауылға көгілдір отын жетті.

99EEE371-7DED-4F1B-8D7D-DD993A850F99

Біраз жыл бойы поливнойлық ағайынның арманы болған газ құбырының ашылуына аудан әкімі Марат Тоқжанов және елді мекен тұрғындары түгел қатысты.

-Поливной ауылына газ өткізу мәселесі көптен көтеріліп жүргенін білемін. Ел сұранысы мен талабын орындау үшін тиісті жұмыстарды жасадық. Енді нәтижесін де көріп отырмыз. Бұл – ең алдымен ел Тәуелсіздігінің арқасында қолға алынған тың бастамалар мен мемлекет тарапынан халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жобалардың жемісі. Шағын ауылға газ өткізу ісі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асты. Төзімділік танытып, көгілдір отынның келгенін және сенім артқан ауыл тұрғындарына ерекше алғысымды айтамын. Үйлеріңізге келген көгілдір отын отбасының жылуын, отанымыздың қуатын арттыра берсін, - деді ауылдағы ағайынға ақ тілегін жолдаған аудан басшысы Марат Тоқжанов.

A5E6F535-9AE8-469C-906F-CEB7D17D3321

Одан бөлек, өз сөзінде Марат Лұқпанұлы ауданға қарасты 68 елді мекеннің осы кезге дейін 51 газбен қамтылғанын, биыл тағы бірнеше ауыл табиғи газға қосылатынын ерекше атап өтті. Айтуынша, жыл соңына дейін ауданның газбен қамтылуы 99 пайыздан асады екен.

Сондай-ақ салтанатты жиында ауыл тұрғындары атынан Василий Косицын сөз алып, көпшілікті өткен Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

-Шағын ауыл деп қарамай, елдің тілегін орындаған аудан басшылығына ризашылығымыз шексіз. Ел тыныш, балаларымыз сау болсын,- деді ауыл ақсақалы Василий Косицын.

Көгілдір отын келгеніне Поливнойдағы ағайын қуанышты. Осы кезге дейін от жағып, отын жарып келген тұрғындар газ қосу жағы да басқа ауылдарға қарағанда арзанға шығатынын айтады.

-Үш жыл бұрын осы ауылға қоныс аудардық. Мал ұстап, жан бағып отырмыз. Шағын кәсібіміз бар. Су келгенде бөркімізді аспанға атып, ерекше қуанып едік. Биыл газ келді. Түсінген адамға бұл да үлкен қуаныш. Енді ауылымыз гүлдене түседі,- дейді ауыл тұрғыны Гүлшат Мұратқазиева.

Отыздан астам ауласы бар шағын ауылдағы ағайынның біразы осы күні үйіне газ өткізіп үлгерген. Құжаттарын реттеп жатқан басқа тұрғындар да көп кешікпей газға қосылмақшы.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале