4.02.2022, 12:39
Оқылды: 56

Шалғайға барар жол жөнделмек

Шалғай ауылдық округінде өткен жиында алдымен округ әкімінің өткен жылы атқарған жұмысы туралы баяндамасы тыңдалды. Ауыл әкімі Талғат Кантемировтың сөзінше, ауыл шаруашылығы, шағын бизнес салалары былтыр ойдағыдай жұмыс атқарған. Мал басы артқан, ал шағын бизнестегі тауар айналымы 30 миллионнан асыпты. Ауылдағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп пен балабақша жұмысы да оңтайландырылған.

шалғай

Ауыз су мен газ мәселесі де көп алаңдатпайды. Ауыл кәсіпкерлері мұқтаж отбасыларға көмек қолын созып, түрлі шараларға да демеушілік көрсетіп тұрады екен. Өз баяндамасында ауыл әкімі кәсіп иелеріне ерекше алғысын білдірді.

-2018 жылы округ орталығы мен Карпов елді мекенін қосатын автомобиль жолын су шайып, біраз қиындық туындаған еді. Оны қалпына келтіруге «Сиротин» шаруа қожалығы қаражат бөліп, мәселе шешілді,-деді ауыл әкімі Талғат Кантемиров.

Одан бөлек, ауылдағы орталық саябақ қоршауын жөндеуге «МарЭль» шаруа қожалығы, ауылішілік және кіреберіс жолдарды күрделі жөндеуге сметалық құжаттарды дайындауға А.Недопекин, В.Сиротин сынды кәсіп иелері қолғабыс еткен.

Одан соң жиында ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиев ауылшаруашылық өнімін өндірушілер кооперативін құрудың маңыздылығы туралы айтып берді.

Кейін аудан әкімі Марат Тоқжанов былтыр мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауданға қарасты үш ауылда жол құрылысы аяқталып, тағы жеті ауылда жол құрылысы басталғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ төрт ауылға су, сегіз ауылға газ құбыры тартылды. Жамбыл, Щапов ауылдарында жаңа мектеп құрылысы басталып, Янайкинде мектепке жапсарлас ғимарат салынғанын да аудан басшысы жеткізді. Егіндібұлақ, Махамбет ауылдық клубтары мен кітапханалары күрделі жөнделіп, тоғыз ауылда жаңадан он спорт алаңы, саябақтар салынғаны жөнінде баяндады. Бірқатар ауылда көше жарығы жүйесі жаңартылып, ірі инвестициялық жобалар іске қосылғаны, жаңа жұмыс орындары құрылғаны туралы аудан басшысы жергілікті тұрғындарға айтты.

Шаруашылыққа қолайлы Шалғай ауылында кәсіп ашып, мал ұстасам деген жандар жетерлік. Сол азаматтар жайылымның тарлығы жайында мәселе көтерді. Сондай-ақ Таловой ауылында алма бағын салсам деген жандар да табылған.

шалғай3

Жайылым мәселесі қиындап тұрғанын айтқан аудан басшысы жергілікті қауымдастық кеңесі ауылдық округке қарасты жерді беруге келіссе, мал басын арттыруға мүмкіндік болатынын айтты. Ал алма бағын салам деген жанға қашан да қолдау болады екен.

Одан бөлек Зайчий аталып кеткен бөгет жөнделгеніне риза болған шалғайлық ағайын бөгет суын ауылға жеткізіп, оны мал суаруға пайдалансақ деген де ұсынысын айтты. Бірақ ол сұраққа жауап берген ауыл әкімінің айтуынша, бөгеттен су әкелетін құбырлар ескіріпті. Сол себепті ол мәселені әзірге шешу мүмкін емес екен.

Ауылды біраз жылдан бері жол мәселесі толғандырып келеді. Бүгінде Шалғайға кірер асфальттың бес шақырымы қалыпты. Қаражат реті шешілсе, аталған жайт толықтай реттелетінін аудан басшысы өз сөзінде жеткізді. Қазір ол жолды аяқтап тастауға көпір кедергі екен. Өйткені оны салуға қосымша қаржы керек.

Жиын соңында ауыл, аудан әкімінің атқарған жұмысына оң бағасын берген шалғайлық ағайын ауылға кірер жолдың сапалы болғанын қалайтынын жеткізді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале