28.12.2023, 13:00
Оқылды: 63

Шалғын ауылында жаңа мектеп ашылды

Бүгін Қаратөбе ауданының Шалғын елді мекенінде жаңа мектеп пайдалануға берілді. Шалғын негізгі орта мектебі жаңа ғимаратының ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев бастаған бірқатар лауазымды тұлға қатысып, ауыл халқының көптен күткен қуанышымен бөлісті.

IMG_20231228_125813

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсымаларына сәйкес мектептердің апаттылығын жою және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында облыс бойынша 27 мектептің құрылысы жоспарланды.

Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 18 мектептің құрылысы жоспарланып, биыл 9 білім беру нысанын пайдалануға беру көзделген.

Шалғын мектеп ашылуы1
Шалғындықтардың шаттығына куә болған облыс басшысы Нариман Төреғалиев жаңа мектептің ашылу салтанатында барша жұртты көптен күткен қуаныштарымен құттықтады.

Сәулеті мен сәні келіскен жарық та, жылы мектепте балаларының білім алатындығына қуанған ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға дән риза.
Шалғайдағы шалғын ауылының тұрғындары атынан ардагер ұстаз Мағрипа Бақтыбаева құттықтау сөз сөйлеп, облыс, аудан басшылығына зор қолдаулары үшін алғаусыз алғысын айтып, білімді ұрпақтың көп болуына тілектестігін жеткізді.
Одан соң құрылыс мердігері «Profline Construction» ЖШС басшысы Талғат Қайнекешов сөз сөйлеп, Шалғын мектебінің директоры Мұрат Құлбатыровқа символдық кілтті табыстады.
Жаңадан пайдалануға берілген мектептің лентасын облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы мен ардагер ұстаз Мағрипа Жақсығалиқызы қиды.
Шалғын мектебінде 41 оқушы білім алады. Мектепалды даярлық тобында 5 бала, мектеп жанындағы шағын орталықта 14 бала тәрбиеленуде, 22 педагог қызмет атқарады.
Берілетін жаңа мектеп ғимаратының жобалық қуаттылығы 60 орын, мердігер - «Profline Construction» ЖШС.
Жаңа ғимаратта 10 оқу кабинеті бар, оның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, қазақ тілі-орыс тілі, шетел тілі, информатика кабинеттері бар. Шағын орталықта оқу бөлмесі, жатын бөлмесі, ойын бөлмесі қарастырылған. Сонымен қатар медициналық кабинет, екі шеберхана кабинеті, спортзал, кітапхана, 70 орындық акт залы, 30 орындық асханамен жабдықталған.
Мектеп ауласында екі ойын, футбол, баскетбол, жүгіру және спорт алаңдары бар.

Серікбай Хасанов,
Райымбек Абаев,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале