25.05.2022, 19:18
Оқылды: 53

Шаруалар шабындыққа әзірленуде

Жуырда Бөкей ордасы ауданы Ұялы және Саралжын ауылдарында ауыл шаруашылық техникаларының шабындыққа әзірлігі тексеріліп, техникалық байқаудан өткізілді. Сап түзеген тракторлардың шабындық маусымына әзірлігін аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы, инженер-инспектор Талғат Әбдірешев тексерсе, аудандық төтенше жағдай бөлімінің аға инженері Еркебұлан Сәрсенбиев тракторлардың өрт қауіпсіздігіне сайлылығын, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жеткіліктілігін тексеріп, түсінік жұмыстарын жүргізді.

IMG-20220525-WA0108

Ауылдық округімізде 26 шаруа қожалығы болса, соның 15 шақтысы шабындық маусымында шалғы салады. Оған дейін техниканың ақаулықтарын жөндеп, сайлап қою шаруа адамының байырғы әдеті. Осы жолы да шаруа жетекшілері өз иеліктеріндегі бірер техникасын округ орталығына алып келіп, мамандар тексерісінен өткізді. Арасында түрлі жағдайлармен келе алмағандар бар. Алайда олар бұл байқаудан тыс қалмайтынын айтуда, – дейді Саралжын ауылдық округінің әкімі Нарынбек Кереш.

IMG-20220525-WA0107

Техникалық байқау Ұялыдан басталып, Саралжын, Т.Масин, Орда және Бисен ауылдық округтерінде жалғасты. Тек ауа райының қолайсыздығынан Сайқын мен Мұратсай округтеріндегі жоспарлы байқау мерзімі кейінге шегерілді. Ағымдағы техникалық байқау нәтижесінде 92 дана техника тексерістен өтті. Ауданда заңды және жеке тұлғаларды қосқанда есебімізде 758 трактор бар. Оның бірқатары мүлдем жарамсыз болып, тек бөлекшектерге пайдаланылады, енді бірқатарының жөндеу жұмысы ұзақ жылдарға созылуда. Кейбірі шашылып жатса да есептен шықпағаны бар. Осы жайттарды ескеріп, жалпы есептің бір бөлігі ғана тексерістен өтеді деп жоспарлаймыз. Ал алғанына бес жыл болмаған тракторлар техникалық байқаудан мүлдем өтпейді. Қазір ондай 188 трактор бар.

Айтпақшы, Бисен мен Ордада байқау өткенде жауын-шашын болып байқауға келе алмағандар болды. Олардың жағдайын ескеріп, маусым басталмас бұрын округтерді қайыра аралаймыз ба деген ойымыз бар. Тек осы қызметке шаруашылықтар жауапкершілікпен қарап, байқау уақытында тексеріс орнына техникасын айлап, уақытылы жеткізсе жақсы болар еді, – деді инженер-инспектор Талғат Әбдірешев.

Раушан Бақытова, 

Бөкей ордасы ауданы, 

zhaikpess.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале