19.03.2024, 15:15
Оқылды: 10

Шашар шапағаты мол – Әз Наурыз...

Жыл бастауы жаңа жыл – барша қазақ еліне қуаныш пен ерекше сезім сыйлап жатырғандай... Ұлыстың ұлы күнінде Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі мен Жауқазын, Бөбек бөбекжайларының бірлесе ұйымдастыруымен «Армысың Әз Наурыз» атты мерекелік шара өткізілді. Қария мен жас сәбиге дейін бас қосқан алаңда ақ дастархан жайылып, ақ жаулықты әжелер  шашуын шашса, қазақ келіндері бауырсақтан дәм татқызып, аталарымыз өз батасын берді.
image-19-03-24-01-56-4
Аталмыш білім ордасы мен балабақша басшылары сөз алып, барша жиналған халықты Ұлыстың ұлы күні Әз Наурыз мерекесімен құттықтап,  шараның өтуіне өз үлестерін қосқан демеушілерге алғыс айтып, жылы лебіздерін білдірді. Қазақ халқы бұрыннан салт-дәстүрге бай халық. Келін түсіру мен бесікке салу қойылымдары ерекше таңдандырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Амангелді Бекқалиевтің «Беташар» сәті мерекелік көңіл- күй сыйлады. Жас өнерпаздар да қапы қалмай, «Наурыз, Наурыз» әнін Жанар Шуйкинамен бірге орындаса, «Жауқазын» бөбекжайының бүлдіршіндерінен құралған оркестр «Нәр ағашы» күйін орындап, жиылған жұртты сүйсіндірді. Сонымен қатар, ала жіппен сәбидің тұсауы кесіліп, ақ жол тілеген бір топ әжелер тілектерін жаудырып, ерекше күткен мерекеде әндете отыра, шашуын шашты. Тағдыр тәлкегіне түсіп, аштық пен қуғын-сүргіннің қасіретін көріп, кеңпейіл қазақтың панасынан жылу тапқан өзге ұлт өкілдері де бой көрсетіп, мейраммен құттықтап, кеуде қағыстырып амандасып, мәре-сәре болғанының да куәсі болдық. Сахна төрінде көрермендермен  бірге «Қара жорға» биі биленіп, меймандарға орай тігілген ақшаңқай киіз үйдегі ұлттық тағамдардан дәм тату ұсынылды. Әрі қарай, ұлттық спорттық ойындар ойнатылып, мерекелік ертеңгілік ән – шашумен жалғасын тапты. Ауыл біткен бар жақсысын киіп, тойға жиналғанын көрудің өзі қуаныш сыйлайды екен. Алты алаштың басы қосылмаса да, кішкентай бүлдіршіндерден бастап, ардагерлерге дейін төбе көрсеткен мерекелік бағдарлама жүрекке тыныштық ұялатқандай. Тамыры терең тарихымыз бен рухани мұрамыздың құндылығы жоғалмай, үміт шырағын жағатын күн де келіп жетті. Жаңа жылың құтты болсын, Қазақ елі!
image-19-03-24-01-56-2
Ақерке Мәлікқызы,
Жаңақала ауданы, 
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале