27.07.2021, 16:51
Оқылды: 112

«Шетелдегідей саяжай салғым келеді...»

Қазақстанның түпір-түкпіріне, я болмаса шетелге демалуға кетеді. Ал біздің сырымдықтар үшін демалыс енді қолжетімді. Әрі отбасылық бюджетіңізді үнемдейсіз, әрі орналасқан жері де қашық емес. Жаз мезгілі келсе, халықтың басым бөлігі еңбек демалысын алып, балаларының жазғы демалысын да есте қаларлықтай болғанын қалайтыны рас. Сондай демалыс орны Бұлан ауылында жұмысын бастады.

1 (2)

Дәурен Жұматаевтың бұл алғашқы кәсібі емес. Қыс мезгілінде Сырым ауданының ажарын кіргізген балаларға арналған ойын алаңында сырғанақ, мұз айдынын жасап қуантса, аптаған ыстықта, еңбек демалысында демалуға таптырмас жер. Шідерті өзенінің жағасында орналасуы да бекер емес.

1 (3)
- Бұл демалыс кешенін ашу көптен ойымда жүрді. Алғашында ыңғайлы жерді таба алмадық. Кейіннен Алла сәтін салып былтыр құрылыс жұмысына інілеріммен бірге белшеше кірісіп кеттік. Кез келген үлкен кәсіптің артында қомақты қаражат қажеттілігі болатыны сөзсіз. Бұл кәсіпті ашуыма шамамен 20 млн-ға жуық қаражат жұмсалды. Алайда келушілердің де қатары күн санап көбейіп жатқандығы қуантады. Әзірге демалыс аймағымыз демалу бөлмесі, монша, бассейн, кәуәп пісіретін, суға түсетін арнайы орындардан тұрады. Келушілер сағатына 5000 теңге төлеп, қалауынша демала береді. Тұрақты клиенттеріміз де жоқ емес. Отбасыларымен, достарымен, ұжымымен келгендер бірнеше сағатқа жалға алып, керемет әсермен, риза көңілде кетіп жатады, - дейді Дәурен Жұматаев.

1 (4)

Біз барған кезде халық та көлік те қарақұрым. Бірі жақсы демалыс болғандығын сөз етіп қайтып бара жатырса, енді бірі «бірнеше сағатқа жалдайық» деп отбасымен, әріптестерімен демалуға келіп жатқандар.
Сондай дән риза тұрғындардың бірімен біз де пікірлесіп көрдік.
Беркін Ермековтың айтуынша, әріптестерімен демалуға келген оған демалыс орны ерекше ұнаған.

1 (5)

-Суға түсіп, сергіп алғасын ауладағы жазғы шатыр астында, табиғатқа тамсанып отырып жүрек жалғауға болады.
Өзіміздің туған жерімізде, табиғат аясында демалғанға жетері бар ма?!
Ауданда мұндай демалыс орны ашылғанына қуаныштымыз. Алдағы уақытта да белсенді  жұмыс жасап тұрса, жыл сайын келер едік, - деді Беркін Ермеков.

 Жерлестерінің жылы лебізіне риза болған Д.Жұматаев алдағы жоспарларымен бөлісті.

-Күніге көңілді демалыс өткізгеніне алғысын жаудырған халықты көріп жұмыс жасауға құлшыныс та арта түсетінін жасырмаймын.
Құрылыс жұмысы басталған сәтте 160 түп алма ағашын отырғыздық. Ондағы мақсатым, аталмыш демалыс орнынан бөлек, тағы да осындай бірнеше демалыс аймағын, жанына түрлі үйлер салып, бақ жасап, шетелдегідей саяжайлар салуды көздеп отырмын. Шетелге, басқа қалаларға шығындалмай өзгелер жасаған таңдай қақтырарлық дүниелерді, демалыс аймақтарын өзіміз де жасай аламыз. Тек, бастысы адал еңбек ете білу. Еңбек етсең, ақша да, тұрақты келушілер де болатынына сенімім кәміл.

1 (6)

Тағы бір қуанышты жаңалығыммен бөлісейін. Бұйырса, тек жазғы маусымға емес, қысқы кезеңде де жұмыс жасауды көздеп отырмыз. «Көш жүре бара түзелер» демекші, алдағы уақытта қыс маусымына Жымпитыдағыдай мұз айдынын, жалға берілетін шаңғы, коньки, арнайы қаркешкішпен (снегоход), атпен серуендейтін демалыс аймағына айналдыру жоспарда бар. Мұндай ауқымды шаруаларды жоспарлауыма тек өзіміздің жерлестер емес, Атырау, Ақтөбе қалаларының тұрғындарының хабарласып, қызығушылық білдіруі де түрткі болды. Өзге қаладан келгендіктен отбасыларымен бірнеше күнге келгісі келетіндер де бар. Сол себепті де қосымша үйлер ауадай қажет деп есептеймін. Әрине, бұл жоспардың бәрі бір жылда жүзеге аса қоймас, бірақ, біртіндеп қол жеткізуге болады деп ойлаймын, - деді кәсіпкер.

1 (7)

«Табыс табамын» деп аспандағы айды сұрайтын емес, туған жердің тұмса табиғатын одан әрі ажарландырып, жерлестеріне жайлы жағдай жасауға ниеттенген Дәурен Жұматаевқа кәсібінің несібесін көрсін демекпіз.

1 (1)

 

Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале