22.11.2023, 9:30
Оқылды: 9

«Шолан» шаруа қожалығы 3000 гектардан астам жерді игеріп отыр

Теректі ауданының Долин ауылдық округінің жерінде кеңес кезінде «Долинский» совхозы орналасқан болатын. Егін салумен шұғылданған совхоздың алқаптарынан қамбаға тонналап алтын дән құйылатын. Бертін келе бидай салумен айналысатын шаруашылықтар қатары азайды. Оның экономикалық жағынан өзіндік себептері де бар. Бұл мәселе жөнінде сөз қозғауды тәжірибелі егіншілер мен оқымысты агрономдарға қалдырайық. Ал біз егінді ауылдың ізіндегі «Шолан» шаруа қожалығы жайлы айтайық.

4

Шаруашылық басшысы – Ұлықпан Мұхамедьяров жастайынан дихан тіршілігіне пісіп өскен.

Ауыл басындағы, аудан көлеміндегі шараларға демеушілік көрсетіп, бас болып жүрген сыйлы жан. Бүгінде қожалықтың тізгінін ұлы Асылбекке беріп,  ақыл-кеңесін беріп, бағыттап отырған еңбек ардагері.

«Әкеге қарап ұл өсер» деген, диханның ұлы құрылысшы боламын дегенмен, айналып қазығын тапты.

3000 гектардан астам жерді игеріп отырған шаруашылық өткен көктемде 1300 га алқапқа бидай салыпты. Осыдан үш жыл бұрын 500 гектардай жерге күнбағыс салатын қожалық оның көлемін 800 гектарға жеткізген. Дегенмен күнбағыс тұқымының қымбаттығы қолбайлау болып тұрғаны бар.

4-1

- Биыл егін шығымы өткен жылға қарағанда төмен болды. Алған өнім де арзанға сатылды. Мысалы, қара бидайдың тоннасы 47 мың теңгеден. Әкем «Егін шығымы әр жылда әр түрлі болады. Ауа райының тосынсыйлары болып тұрады. Бір жылы көктем кеш шығып, дән салуда кешігеміз. Бір жылы қатты ыстықтан күйіп кетіп жатады. Оған бола біз дихандықты тастамаймыз. Жердің бергенін ысырап қылмай, жинап алу керек. Бастысы, қиындыққа мойымай, өз шаруаңды тиянақты атқар. Қиын екен деп, бәріміз егін салуды қойып кетсек, ел, халық астықты қайдан алады?» деп бізді қайрап отыр. Биыл тағы да жер алдық. Тыңға айналып, тал-бұта басып алған жер. Соны келесі көктемде егін себуге тазалап жатырмыз, - дейді Асылбек Ұлықпанұлы.

Ия, дихан деген сондай, алдағы көктемге үміт артып отырады.

Күзгі жиын-теріннен соң тегершік-бұрандасына дейін жуылып, су жаңадай жарқыраған «Шоланның» техникасы да алқапқа шығар күнді күтіп тұр.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале