29.06.2021, 21:32
Оқылды: 119

Шөп бағасы қымбаттамайды

Ауыл халқының көпшілігінің әлеуметтік жағдайы тұрақты жалақысы болған күннің өзінде де, негізінен, қорадағы малына тікелей байланысты. Сондықтан қорадағы малдың жайын ойлаған тұрғындар биылғы науқанда шөп бағасы қандай деп қамыққаны рас. Биыл шөп мол шығып уақтылы орақ салғандарға өнімін молынан беруде.  

 Шөп бағасының қымбаттамауын, науқанның барысын Шыңғырлау ауданы әкімі Әлия Биғазықызы да үнемі назарда ұстап, жергілікті жерлерде ауыл халқының жағдайына орай жұмыстану үшін ауылдық округ әкімдеріне талап қойды.

277A7EFF-A4BA-402B-A012-303CF4E46203

 Біз де өз тарапымыздан бірнеше ауылдық округ әкімдерімен хабарласқан болатынбыз. Әзірге ауыл халқы шөп бағасына көңілдері толады. Аудан орталығынан тыс округтерде шөптің әр рулоны 3000 теңге аралығында. Тіпті үйге тегін әкеліп беріп жатқандары да бар екен. Ауыл шаруашылық мамандарының айтуынша, биылғы шөп шығымы көңіл қуантарлық - әр гектарына 3,8 центнерден өнім беруде. Тек мына ми қайнатқан аптап ыстық тез қуратып жібермей тұрып, ыждағаттылықпен жинау қажет. Қиындықтар да жоқ емес, ауылдағы жеке адамдардың техникаларының көбі ескі, жүргенінен тұрғаны көп, ал шаруа қожалықтарының лизингке, несиеге алған техникалары сай-саланы тегістей шауып, қарқын алуда. Науқан аяқтала келе ауыл адамдарының ішінде жағдайы төмен отбасыларының да шөбін шабуға жұмылдыру қамы қарастырылуда екен.

Науқан алдында шаруа қожалық жетекшілерімен кездесіп, баға жөнінде ақылдастық», - дейді Ақшат ауылдық округінің әкімі Ерлан Мәлікұлы. Науқанға кіріскен қожалық жетекшілері М.Садықов, М.Мұканов және Ж.Байқатов шөп бағасының әр рулонын 3000 теңгеден асырмау керектігін мақұлдапты.

«Қолдан келгенше оның бағасын халықтың жағдайына қарап белгілеп отырмыз. Орақшылармен жеке-жеке сөйлесіп, бағаны өсірмеуін қадағалаудамыз. Ал кереғар жағдай орын алған уақытта шөпті сатылымға шығарушының құжаттарын, орылған шөптің қандай учаскеден шабылғанын, қандай шаруашылық екендігін анықтап, салық төлемін нақтылап, бір жағынан тәртіпке шақырып отырамыз,- дейді Ақтау, Алмаз және ауылдық округтерінің әкімдері.

Ал, Шыңғырлау орталығында шөп 4000 және 5000 теңге аралығында сатылмақ. Осы  мәселені үнемі назарда ұстап, шөп сататындармен түсінік жұмысын жүргізіп келген  аталған округтің әкімі Әділ Қаражанов және әкімдіктің мамандары қалай да шөп бағасы халықтың қалтасы көтеретіндей болуын үнемі қадағалауда.  

 Шөбі шүйгін Шыңғырлау ауданы бойынша шабындық көлемі 40383 гектарды құрайды. Оның басым бөлігі ауылдық округтерде орналасқан. Биылғы науқанда Алмаз Ақбұлақ аумағында шөп шығымы айтарлықтай, басқа округтерде еңбектенген шаруаға шөп молынан жиылмақ. Тек жұмысты дұрыс әрі тез ұйымдастыра білгеннің арқасында мал азығын жеткілікті етіп жиып алуға негіз бар. Оған қоса 460075 гектар мал жайлымына бөлінген алқаптарды есептесек, шөптен  тапшылық болмайтынын білген жөн.

«Ауданымыздағы шабындық көлемін және биылғы шөп шығымын ескерсек биылғы шөптің бағасын өсіруге еш негіз жоқ. Барлық округтерде де шөп жеткілікті. Шабындық жерлер мал санына шаққанда жеткілікті көрсеткішті беріп тұр», - дейді аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары. Демек, шөп бағасы қымбаттамауы тиіс.                                                                                                     

Айсұлу Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале