29.03.2021, 12:34
Оқылды: 61

Шөппен қамту жұмысы жалғаса бермек

Өңірге қыстың ерте түсіп, «кәрі құданың» кетпей жатып алуы бүгінде мал азығының азаюына ықпалын тигізбей қоймағаны анық. Олай дейтініміз жеке сектормен бірге Қаратөбе ауданындағы кейбір шаруа қожалықтарында жем-шөп қоры түгесіле келген. B157EFFD-DAFD-4237-AA0A-533FBFE3EC09

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, ауылдық округтердегі кейбір шаруалар малға азық таппай тарығып отыр. Өйткені былтыр жарытып шөп шықпады. Осыдан болар, бар жемшөптің бағасы жылдағыдан еселеп қымбаттапты. Жауапты мамандар өткен жылы өзен-көлдерге су жеткілікті мөлшерде келмеді әрі жарытып жаңбыр да жаумады, содан шөп шығымы нашар болды деп отыр. Мәселен, Саралжын ауылдық округінде бір бума шөп 8-10 мың теңге болса, басқа округтерде 8-9 мың теңге, Қаратөбе ауданы орталығында 6-7 мың теңгеге сатылуда.

Қыстан аман шыққан малды қырып алмай, көктемеге іліктіру үшін ауданда қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Күн тәртібіндегі осы өзекті мәселеге орай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосовты әңгімеге тарттық.

– Қыстың ерте түсуі мен оның ұзап кетуіне байланысты ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарында шөптің азайғаны байқалды. Бұл жағдайдың алдын алу мақсатында шұғыл шара ұйымдастырылды. Шөп қоры мол қожалықтардан мал азығын тасымалдау үшін ауылдарға барар жолдар қардан тазартылып, шөп жеткізілуде. Жол тазарту жұмысына «Бақыт жолдары» ЖШС және аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің техникалары жұмылдырылды. Ауданның Қаракөл ауылдық округіне, Үшағаш, Соналы, Төлен, Үшана ауылдарына шөп тасымалдануда. «Әйіш», «Тоқсейіт», «Әбутәлі» қыстақтарына дейінгі жолдар аршылып, аталмыш қыстақтардан елді мекендерге мал азығы жеткізілуде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында пішен аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің «КамАЗ» жүк көлігімен тасымалданып, әр рулоны 5000-5500 теңгеден сатылуда. Осы жұмысқа белсене қатысып жүрген «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғ.Мақановқа, «Сұлтанбек» шаруа қожалығының жетекшісі Ж.Матжановке, «Әлия» шаруа қожалығының жетекшісі Ә.Өтеғалиеваға, «Жолбарыс» шаруа қожалығына шөпті қолжетімді бағаға жеткізіп бергені үшін алғыс білдіреміз, – дейді Мербол Мағзомұлы.

Бөлім басшысының айтуына қарағанда, жалпы аудан көлемінде жем-шөп қоры жеткілікті. Даладан тасып әбігерленбеуге болатын сыңайлы. Тек шөпке мұқтаж округтер мен қыстақтарға уақытында жеткізілсе болғаны. Аудан орталығын да шөппен қамту жұмысы жалғаса бермек.

Аудан аумағында көптен көңіл бөлінбей келген егіс шаруашылығымен айналысудың қолға алынғаны – құптарлық іс. Егіндікөл ауылдық округіндегі «Маңғы» ЖШС 60 гектар жерге қара бидай, 60 гектарға құмай егіп, одан 42 тонна қара бидай, 18 тонна құмай жинап алған. Өткен күзде «Маңғы» ЖШС 60 гектарға қара бидай салса, Қоскөл ауылдық округіндегі «Батыс» шаруа қожалығы 60 гектар жерге қара бидай сепкен. Бұның сыртында биыл жеке аулаларда 98 гектар жерге картоп, көкөніс дақылдары, бақша егу жоспарланған. Бұрынғыдай егіс алқаптарының көлемі ұлғая түссе, мал азығы жем де молаяр еді.

 Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале