27.01.2022, 16:50
Оқылды: 55

Штабта ұсыныстар айтылды

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде мал қыстағын өткізу жөніндегі аудандық штаб отырысы өтті. Отырыста аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин ауданда мал азығынан еш қиындық болмайды деп сендірді.

16

– 2021-2022 мал қыстату науқанына аудандағы 20 елді мекен мен 551 шаруа қожалықтарының  518 қыстағында 80611 ірі қара, 88067 қой мен ешкі, 29902 жылқы және 1104 түйе малы қыстатылуда. Барлығы 104283 шартты мал боп есептеледі. Оларға 161,9 мың тонна мал азығы қажет. Биыл шөп шығымы жақсы болып, қожалықтарымыз 216,7 мың тонна мал азығын дайындады. Ауылдық округтерден келген соңғы мәліметтерге сүйене отырып, қазіргі таңда аудандық 133,5 мың тонна шөп қалды деп айта аламын. Әрине, күн сайын бұл ақпар өзгеріп тұрады, алайда қажетті шөп көлемінен бөлек мал азығының қоры жасақталғанын да айта кетсек дейміз. Қазір есебіміз бойында ауданның ауылдық округінде 400-1000 руллонға дейін қор жасақталған. Жалпы мөлшері 3800 руллонды құрайды. Қордағы шөп 95 күнге жетеді. Жем жеткізу ісі де жүйелі жүруде. Қазіргі таңда кәсіпкерлер 30 келі қапшық жемді 3500-3800 теңгеге сатуда. Кей шаруа қожалықтары бұл азаматтардың қызметіне жүгінбей, өздері қаладан не өзге жерден жеткізіп жатыр. Сондықтан мал азығынан биыл таршылық көрмейміз деп нық сеніммен айтамын.

Бөкей ордасы ауданы бойынша қыстақтарда 355 трактор есепте тұр, сонымен қатар жол талғамайтын 12 КАМаз, 11 Урал автокөлігі бар. Ауа райы бұзылып, жол қатынасы нашарлап, байланыс үзілген жайдайда осы көліктерді пайдалануға келісіміміз бар, – деді Сүйінбек Жексенбайұлы.

Сонымен қатар бөлім басшысы аталмыш отырысқа қатысқан  облыстық аумақтық инспекция басшысы Лавр Хайретдинов пен штаб мүшелеріне малды ауыл тұрғындарының өтініш-ұсыныстарын, мал қыстағының өту барысы туралы хабарлады.

Өтініш-ұсыныстың негізгілері – мал басы өсіп, жер көлемінен таршылық сезілуі себепті әскери полигонға берілген аудан жерінен 50 мың гектар жер қайтаруға өтініш жасау және малдарын жаманауыздан қорғау үшін қарулары, тиісті құжаттары бар шаруа азаматтарына түз тағыларын атуға рұқсат ету. Әрине атакәсіппен айналысып отырған азаматтардың өзге де ұсыныс-тілектері хатталып, тиісті органдарға жеткізілмек.

Малды ауылдың тірлігін жақсы білеміз. Кездесетін қиындықтарды да, оны еңсеру жолдарын да өткенбіз. Енді Бисен ауылында 8 аула мен шаруа қожалықтарда көрініс тапқан белгісіз мал ауруын тездетіп тізгіндеу керек. Әйтпесе, ол үлкен мәселеге айналады. Мал далаға кетпей тұрып, шешу керек. Түсінемін, вакцина болмай жатқан болар. Әйтсе де, ширақ қимылдап, аурудың таралуына тосқауыл қою керек, – деді Лавр Рашидұлы.

Мал ауруы тек Бисен  ауылдық округінде тіркеліп отыр. Бисен ауылы, Жетібай елді мекені, оның аумағындағы кездесіп жатырған мал ауруы белгілеріне байланысты ветеринариялық станция қызметкерлері оны везикулярлы стоматит ауруына күдікті деп тануда. Алайда, тексеруге алтыншы қаңтар күні жіберілген сынымалардың нәтижесі әлі келмей отыр. Мал ауруының ең қауіптісі аусыл саналғандықтан, біз оның алдын алу мақсатында осы дертке қарсы егуді бастап кеттік. Тек екпені шаруа адамдары өздері алады. Қазір 13081 ірі қараға, 370 қой-ешкіге аусылға қарсы екпе салынды. Бүгінгі таңда 148 мал ауруға шалдығып тұр. Ескеретін жайт ауру малдың емделу кезеңі 10-15 күннен аспайды. Қазір емделгені 110 мал болып отыр, – деді аудандық ветеринариялық станция басшысы Алмабек Құрмашев.

Айта кетерлігі, штаб мүшелерінің дені отырысқа арнайы келсе, бірқатары онлайн форматта қатысты.

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале