15.09.2023, 9:15
Оқылды: 48

Шыңғырлау ауданы: сапа басты назарда

Шыңғырлау ауданында oсыдан екі жыл бұрын басталған 19 көшені жөндеу біраз кешеуілдесе де, жұмыс ырғағы қалыпқа түсе бастады. Осыған дейін жолдарды тегістеу, құм-қиыршық тас қоспасын (ПГС) төсеу, қайта құру (ресайклирование) барлық көшеде аяқталған-тұғын.

F861A49C-1C51-48AD-B2EC-E51BF18BA20F

Бұған дейін талай мәрте сын-ескертпелердің садағына ілінген мердігер ұйым «Ануш Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты барынша кідіріссіз әрі сапалы аяқтап шығуды мақсат тұтып отыр.

Жол төсеу жұмысына тартылған жұмысшылардың айтар бір-ақ уәжі бар: буы да кеуіп үлгермеген жолдың үстімен көре тұра жүріп өтетін көлік иелерінің жауапсыздық танытуына шара қолданылса.  

Қазіргі таңда бұл шаруаның кідіріссіз әрі талапқа сай жүруіне аудандық «AMANAT» партиясының аудандық филиалы мен халық қалаулылары қадағалау жасауда. Қоғамдық бақылаушылардың да өз айтарлары бар, мердігер тарапынан жол салу барысында битумды тегіс, біркелкі төсеу мәселесі қадағалауды қажет етеді.

9CCB1B1D-E985-4A68-9CB9-344429418D9F

Күн тәртібінде тұрған мәселеге жандары ашитындардың да жұмыстарын жиып қойып, жол басында жүрулерінің де жөні келмейді. Жолға жабынды жабу жұмысы Қонақай, Бесчасов, көшелерінде аяқталып, Қазымов көшесінде жалғасуда.  

– Жүріп жатқан шаруаға бақылау-қадағалау жасағанның еш сөкеттігі жоқ. Сондықтан да қоғамдық бақылаушылардан басқа жергілікті тұрғындар да іске жандары ашып, өздері де белсенділік танытып жатса құба-құп. Ертеңгі күні іс біткенде сын айтудың орынсыз екенін түсінген жөн, - дейді «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Азамат Тағаниязов.

Иә, жұртшылықты екі жыл бойы әуре-сарсаңға салған шаруаның сеңі қозғалды, ал оның сапасы, ұзаққа шыдамдылығы мердігер ұйымға серт болса керек.                                                                                                       

Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале