29.04.2026, 10:00
Оқылды: 8

Шыңғырлау ауданында оқушылар арасындағы дәстүрлі әншілер байқауы басталды

image-29-04-26-01-39-1

Шыңғырлау ауданында “Даламның үні – домбыра” атты оқушылар арасындағы дәстүрлі әншілер байқауы басталды. Батыс Қазақстан облысының аудандары мен Орал қаласынан келген 15 жас әнші ауданымызда төл өнеріміз – дәстүрлі әнді насихаттап, өзара бақ сынауда.

Шыңғырлау өңірі – дәстүрлі ән өнерінен кенже қалған аймақ емес. Бұл қасиетті өнердің тамыры Көшелек жыраудан бастау алып, әрі қарай ҚР Еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі әнші, “Аққұмның ақ кербезі” атанған Қалампыр Рахимовадай дара тұлғаны дүниеге әкелген. Осындай рухани мұраға бай өлкеде дәстүрлі ән өнерінің ұлықталуы – заңды құбылыс.

Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің қолдауымен соңғы үш жылда ауданымызда бір республикалық және үш облыстық байқау өткізілді. Бұл – ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған жүйелі жұмыстардың айқын көрінісі. Шекаралас аймақта орналасқан Шыңғырлау елінде ұлттық өнер мен рухтың ұлықталуы аса маңызды.

Іс-шара барысында ауданымыздың мәдениет саласының ардагері Жұмабай Тілегенұлы ақ батасын беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, дәстүрлі әнші Қалампыр Рахимованың аудандық саябақта орналасқан  ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті. Осы жерде  дәстүрлі әнші, “Құрмет” орденінің иегері Қайрат Кәкімов  жерлесіміз әнші-термеші Қалампыр Рахимованың өнердегі жолы туралы  естеліктерімен бөлісті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының халық шығармашылығы бөлімінің жетекшісі Батырхан Қайыров, аудандық балалар саз мектебінің дәстүрлі ән класының оқытушысы, облыстық және республикалық байқаулардың жеңімпазы Аманғали Сатпанов, дәстүрлі әнші Қайрат Кәкімов және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтимов ескерткішке арнайы гүл шоқтарын қойды.

 Сара Әділова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале