9.09.2026, 15:30
Оқылды: 8

Шыңғырлау ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеген дөңгелек үстел өтті

Отбасы күні аясында Шыңғырлау ауданында «Неке - жауапкершілік пен келісім, мәжбүрлі неке – дұрыс таңдау емес» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

image-09-09-26-12-12

Іс-шараның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, неке мен отбасы институтының маңызын түсіндіру, жастар арасында жауапкершілік пен өзара сыйластық мәдениетін қалыптастыру.

Дөңгелек үстел жұмысын аудандық отбасын қолдау орталығының директоры Эльвира Игильманова жүргізіп, кездесудің мәні мен маңызына тоқталды.

Ашық форматта ұйымдастырылған шара барысында отбасы құндылықтары, неке қиюдың құқықтық және моральдық жауапкершілігі, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара келісім мен сыйластық мәселелері кеңінен сөз болды.

Шарада аудандық сот төрағасы Самал Баймұқанова баяндама жасап, неке-отбасылық қатынастардағы құқықтық жауапкершілікке тоқталды. Неке – тек екі адамның одағы ғана емес, ол өзара міндет пен жауапкершілікке негізделген маңызды шешім екені айтылды. Әсіресе отбасын құру кезінде екі тараптың да ерікті келісімі басты талаптардың бірі екені түсіндірілді.

Сонымен қатар аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Әлия Имашева  неке қиюдың тәртібі мен заң талаптары жөнінде ақпарат беріп, отбасылық өмірге қадам басатын жастар үшін құқықтық сауаттылықтың маңызын атап өтті. Неке мәселесінде асығыстыққа жол бермей, болашақ өмірге саналы түрде дайындықпен келудің қажеттігі сөз болды.

Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Жоламанова бастаған сала мамандары мен жауапты мекеме өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

image-09-09-26-12-11

Дөңгелек үстелдің ерекшелігі – оның ашық форматта, еркін диалог түрінде өтуі. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Отбасындағы татулық пен түсіністіктің негізі – өзара құрмет, сенім, келісім және жауапкершілік екені баса айтылды.

Бүгінгі таңда берік отбасы қоғам тұрақтылығының маңызды негізі. Сондықтан отбасын құруға жауапкершілікпен қарау, неке құндылығын түсіну және әр адамның еркін таңдау құқығын құрметтеу баршаға ортақ міндет.

"Бақытты отбасы – берік қоғам" деген қағида осындай тағылымды кездесулердің өзегіне айналып, отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстардың маңызын айқындай түсті.

 

 

Сара Әділ

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале