Ауданымыздың ауыл-аймақтарында инфрақұрылымның қарқын ала бастағаны нақты көрініс алуда. Елді мекендер таза ауыз суға қол жеткізгені өз алдына, ұялы байланыс, жолдың жөнделуі, мәдени ошақтардың жаңғыруы көңілді бірлейді. Бұған қоса ауылдарда «Қаладан ауылға» бағдарламасының баянды бола түсуі де тұрғынларды қуантуда. Үй кезегіне тұрғандар мен қаладан ауылдағы қонысты жайлы деп танып жатқандардың жаңа үйлерге қол жеткізуі ауылдың болашағының зор екендігін дәлелдей түсуде.
Өткен жылы ғана Ащысай ауылдық округінде бірнеше су жаңа пәтерлердің кілті тапсырылып, қоныс тойлар тойланған еді. Биыл да осы жақсы үрдіс көктем басталысымен жалғасын тапты. Бүгінде Ащысай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылында шыңғырлаулық жеке кәсіпкер Рүстем Қырықбаевтың бастамасымен екі пәтерлі екі үйдің іргетасы құйылған-ды. Қазіргі таңда 1 үйдің төбесі жабылып жатса, екі үйдің қабырғасы көтеріліп тасталған. 6 адам құрылыс басында еңбек етуде. Есік-терезе сынды құрылысқа қажетті жабдықтарға былтыр ғана «Қаладан ауылға» бағдарламасымен Ащысай ауылына көшіп келіп, жаңа пәтерге қоныстанып, өз кәсібін дөңгелеткен Мирболат Хамидуллиевке тапсырыс беріп отыр. Жергілікті кәсіпкерді қолдап отырған мұндай қадам өзгелерге де үлгі боларлық. Мирболат та өзіне білдірілген сенімді ақтауға барын салары хақ.
Шағын ғана халқы бар болса да бұл мекен өте ұйымшыл, қарапайым тірліктің үлгісін көрсетіп келе жатыр. Ауыл жұртшылығы ауылға қоныстанам деген әр жанға қолдау білдіруге, өз орталарына сіңісіп кетуіне ерекше пейілді. Былтыр ауылда тұрсам деп келген жандарды жатырқамай қарсы алып, қолдарынан келген көмегін көрсетіп, тіпті қора малға толсын деген ырыммен бірнеше ұсақ жандықты қоныстанушының қорасына әкеп кіргізіп кеткен-ді.
Ал Ащысай ауылдық округінің өзінде де құрылыс қарқын алуда. Мұнда да жеке кәсіпкер, ақсайлық азамат Алтай Бораншиевтің қолға алуымен 2 пәтерлі үш үйдің іргетасы қаланып, қабырғалары көтерілуде. 7 адам қолға алған құрылыс жұмысына қарап, ащысайлықтар ауылға бет тұрған Алтайға дән риза. Ауылды өркендетсем деген ауылшыл азаматтарға әрдайым қолдау көрсетіп, әр ісіне сәттілік тілеп отырған ауыл халқының көңілдері тоқ. Өйткені үй салынса ауылға бет бұратындардың да қарасы молаяры анық.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы