26.01.2022, 9:20
Оқылды: 130

Шыңғырлау – мал шаруашылығына қолайлы өңір

Шыңғырлау – мал шаруашылығына қолайлы өңір. Мұнда өзге облыстар мен аудандардан қоныс аударушылар қатары да жыл санап артып келеді. Солардың бірі – Ақбұлақ ауылына ат басын тіреген маңғыстаулық Мақсат  Хаятуллаев. 

IMG-20220126-WA0003

– Мен - Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданының тумасымын. Бұл жерге  2014 жылы келіп, «Бердібай-Бекзат» атты шаруа қожалығын құрдым. Шүкір, еңбегіміз жеміссіз емес. Қазір 300-дей ірі қара, сонша жылқы және мыңға тарта қойымыз бар. Өз тәжірибемнен байқағаным, қазақтың ақбас сиырын абердин-ангус және шароле тұқымдарымен шағылыстыру арқылы алынған төл біздің  табиғатқа көнбіс келеді екен. Cоңғы кезде Ақсай, Ақтау қалаларына сатылымға ет шығаруды қолға алсақ, енді егін шаруашылығына да бет бұру  ойымызда бар, –  дейді әңгіме арасында  Мақсат  Бердібайұлы.

Аталмыш қожалықта бүгінде жиырмаға жуық адам еңбек етсе, олардың айлықтары жұмыс түріне қарай 70 пен 200 мың теңге аралығында. Мұндағы заманауи техникаларды айтпағанда, жұмысшыларға арнап салынған жаңа үйлер, асхана мен монша көрер көзді сүйсінтеді. Келісті қора-жай жанында  2500-ден астам орама шөп (рулон) үюлі тұр.

– Мақсат Бердібайұлы – өте еңбекқор адам, өз жұмысшыларына деген қамқорлығы тіптен айырықша. Округтегі түрлі қайырымдылық іc-шаралардан да тыс қалып көрген жоқ, қолынан келген көмегін аямайды. Былтыр түрлі мүсіндер жасау үшін Ақтау қаласынан үш тонна ақ таста жеткізіп берді, – дейді Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Светлана Бәйтенова.

Біз де жақсының жақсылығын көпке жеткізуге уәде етіп, шаруа адамының абырой-беделі асқақтай беруіне игі  тілектестігімізді білдірдік.

Бақытжан Ордабаев,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале