18.12.2019, 12:09
Оқылды: 67

Шыңғырлауда білікті дәрігерге тақтайша орнатылды

Еліміздің Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Шыңғырлау ауданында бар ғұмырын медицина саласына арнаған білікті дәрігер, еліне сыйлы тұрғын Сәния Даулетжанованың есімі ұлықталып, ол тұрған үйге естелік тақтайша орнатылды.

serpin (1)

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері және Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы Сәния Медхатқызының отбасы, жақын-жуықтары, дос-жарандары, әріптестері алдында аудан әкімі Ержан Тұрмағамбетов сөз сөйлеп, дәрігердің жасаған қызметі, елге тигізген жақсылығы ұмытылмайтынын, әрдайым осындай еңбектері ерен жандарды есте ұстап, келер ұрпаққа дәріптеу міндет екенін жеткізді.

 Аудандық мәслихат хатшысы Галина Волкогон Сәния Медхатқызының «Құрметті азамат» куәлігі мен төс белгісін оның жұбайына салтанатты түрде табыс етті.

serpin (4)

 Тақтайшаның ашылу салтанатында жұбайы Молдабек Базарбаев, әріптестері Энгельс Ткатов, Баян Сатайқызы және отбасының жанашыры, достары Мұратбек Отарғалиев, бауыры Серік Дәулетжановтар естеліктерімен бөлісіп, қолдау көрсеткендерге алғыс білдірді.

 Л.Қылышев атындағы және Белогор ауылындағы мектеп ғимаратының салынуына, аудандағы стансаға Алматы-Москва жүрдек пойызының тоқтауына ықпал еткен, адам өміріне талай араша болған білікті дәрігердің есімі жазылған тақтайша Исатай Тайманов көшесі, 92 үйдің қабырғасында жарқырап тұр.

 Айсұлу Муса

 Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале