18.07.2026, 21:15
Оқылды: 9

Шыңғырлауда Сарқырама маңы қоқыстан тазартылды

Шыңғырлау ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ерекше сенбілік өтті.

image-18-07-26-09-03

Аудан жастары мен Ақсуат ауылы мектебінің оқушылары Батыс Қазақстан облыстық Тәжік-Ауған ұрыс әрекеті ардагерлерінің қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, өңірдегі ең көрікті әрі киелі мекендердің бірі — Сарқырама бұлағының маңын қоқыстан тазартты. Бұған дейін де Бөрлі және Қобда аудандарының еріктілерімен бірге ірі тасжолдардың бойын ретке келтірген шыңғырлаулық жастар бұл жолы да табиғатты қорғауды нақты іспен дәлелдеді.

Ауқымды шара барысында тек тазалық жұмыстары ғана емес, демалыс орнын абаттандыру ісі де қатар атқарылды. Еріктілер көл жағалауына ескерту тақтайшаларын орнатса, майданда шыңдалған ардагерлер су құламасы маңындағы шағын көпірді жөндеп, тозығы жеткен орындықтарды қалпына келтірді. Сондай-ақ жергілікті тұрғын Нұрлан Құрмашовтың ұсынысымен көлдің бастауындағы «Қыз әулие» бұлағына жаңа темір саты орнатылды. Бұл бұлақтан су алуға келетін тұрғындардың көптен бергі шешілмей жүрген мәселесін ретке келтірді.

БҚО Тәжік-Ауған ұрыс әрекеттері ардагерлерінің қоғамдық бірлестік төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Әлішер Ашурматов Сарқырама бұлағы Шыңғырлау өңірінің визиттік карточкасы екенін, алайда келушілердің экологиялық мәдениеті төмендігінен демалыс орны жиі бүлінетінін айтты. Сондықтан ардагерлер жыл сайын осы жерді тазалап, қалпына келтіруді дәстүрге айналдырған.

Ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған игі шараның соңында белсенді жастар мен мектеп оқушыларына арнайы алғысхаттар табыс етілді.

Асу Тұран,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале