8.09.2020, 15:18
Оқылды: 44

Шыңғырлауда тұрғындар өз көшелерін мұнтаздай етті

Жасыратыны жоқ, ауыл тұрғындары қазір өздері лақтырған қоқыс қалдықтарынан арылтатын сенбіліктерге әбден арқа сүйеп алған. Көктем келіп, қар көбесі сөгілгеннен-ақ Шыңғырлауда көшеге тасталған тұрмыс қалдықтары «менмұндалап» шыға келеді. Амал жоқ, мекеме-ұйымдар тазалық жұмыстарын бастап кетеді.

image001

Сенбі сайын өткізілетін сенбіліктер кезінде мекеме қызметкерлері ауыл тұрғындарының салақтығы мен салғырттығын сынай жүріп, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Біреудің көшеге лақтырған қоқысын жинау шынын айтқанда кімге керек? Қоқыс теріп, қапшық сүйреген сенбілікке қатысушыларға бей-жай қарап тұратындардың әрекеті ашу-реніш туғызады. Әркім өз үйінің маңын тап-тұйнақтай қылып ұстағанда мұндай жағдай орын алмас еді ғой.

Жуырда Сырым Датов көшесінің тұрғындары көпке үлгі боларлық іс жасады. Осы көшенің тұрғыны Берік Әпеновтің бастамасымен бүкіл көше тұрғындары сенбілікке шығып, әркім өз үйінің айналасын, қора-қопсысының төңірегін тазартып, арам шөптерді жұлып, мұнтаздай етті. Үлкендермен бірге жарыса қимылдаған жас балалардың еңбекқорлығы тіпті сүйсінтті. Жиналған қоқыс қалдықтары трактор тіркемесіне тиеліп, арнайы орынға жеткізілді.

«Көп түкірсе – көл» деген, айналдырған екі-үш сағаттың ішінде өзгеше күйге енген алған көше келбетіне қарап тұрғындардың өздері де қуанды. Көпшілік үлгі алатын бастама өзге де тұрғындарға жұғысты болғай.

                                                                                    Гүлшат Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале