1.12.2023, 22:17
Оқылды: 36

Шыңғырлауда үлгілі «Еркем-ай» би ансамблінің 10 жылдығы атап өтілді

Би – әуен ырғағымен үйлесім тапқан әдемі, әсем қимылдар. Бұл өнер табиғи сұлулықты, ішкі сезімді, көңіл-күйді сөзсіз-ақ жеткізеді. Әр елдің ұлттық құндылықтарын, салт-дәстүрлерін сипаттайтын халық билері – нағыз байлық. Хореография нәзіктік пен қайсарлықты, еңбек пен төзімділікті талап ететін өнер. Мың бұралған бишілердің қимыл-қозғалыстарына, әсем бейнелеріне тәнті болмау мүмкін емес.

IMG_6326

Шыңғырлау ауданында осы өнерді өрге сүйреп, көрерменін көркем билерімен қуантып, халықтың қошеметіне бөленіп жүрген, сондай-ақ мерекелерді түрлі жанрдағы билерімен, әдемі туындыларымен көркемдейтін үлгілі «Еркем-ай» би ансамбліне биыл 10 жыл толып отыр.

IMG_6554

Осыған орай аудандық мәдениет үйінде «Сұлу қимыл – би сыры» атты шығармашылық концерт өтті.

IMG_6280

Кеш бойы ансамблдің кіші және үлкен топ өнерпаздары ұлттық билермен қатар «Көңілді полька», «Мерекеге тарту», «Табиғатқа саяхат» атты шығармаларын тарту етті. Әсем әндерімен, көркем билерімен тамсандырған тамаша кеш «Жасасын елім» хореографиялық композициясымен қорытындыланды.

IMG_6258

Шара соңында «Еркем-ай» би ансамблінің жетекшісі, адал қызметі, тынымсыз еңбегімен би өнерінің мәртебесін көтеріп жүрген Нұрғалиева Гүлім Әбілқызын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтимов аудан әкімі орынбасарының алғысхатымен марапаттады.

IMG_6563

Артынша Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінің ұжымы алғыс хат пен сый-сыяпаттарын табыстады. Ансамбль бишілерінің ата-аналары да өз ризашылықтарын білдіріп, өнерпаздарға да шағын сыйлықтарын үлестірді.

Жоғары деңгейде өткен мерекелік кештің қонақтары керемет әсер алып, бір марқайып қалды.

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале