Шыңғырлау ауданында оқушылар арасында өткен облыстық “Даламның үні – домбыра” атты дәстүрлі әншілер байқауының жеңімпаздары анықталды. Бұл өнер додасына Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан және Орал қаласынан келген 15 жас дәстүрлі әнші қатысып, батыс ән мектебінің үздік туындыларын орындап, көрермендерге ерекше рухани кеш сыйлады.

Байқаудың финалдық кезеңіне арнайы қатысқан аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы сайысты қорытындылап, ұлттық өнерді насихаттаудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде:
“Біз ұлттық өнерді, әсіресе ән мен күйді, халық жырын насихаттауға әрдайым қолдау білдіреміз. Шыңғырлау өңірі бұл бағытта кенже қалған аудан емес. Сонау Көшелек жыраудан бастау алған жыршылық дәстүр, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Қалампыр Рахимова жалғастырған өнер мектебі біздің ауданда қалыптасқан. Осы төл өнерімізді дәріптеп жүрген барша жас өнерпаздар мен жетекшілерге алғыс білдіремін. Бұл байқауда жеңілген жоқ, барлығыңыз да ұлттық өнерді насихаттау арқылы жеңіске жеттіңіздер”, – деп атап өтті.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде ынталандыру сыйлықтарын Аманғали Сатпанов табыстаса, жүлделі орындарды қазылар алқасының мүшелері Қайрат Кәкімов пен Батырхан Қайров тапсырды. Ал бас жүлдені аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы Өмірәлиев өзі табыстап, барлық қатысушыларға алғыс білдірді.

Аталмыш байқау – ұлттық дәстүрлі ән өнерін ұлықтап, жас таланттардың шығармашылық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік беретін маңызды мәдени жоба ретінде өз мәресіне жетті.
Нұрғали Төлегенов,
Шыңғырлау ауданы