15.04.2026, 12:15
Оқылды: 220

Шыңғырлаудағы алғашқы гүл жылыжайы

Елімізде ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы өзінің тиімділігін нақты істер арқылы дәлелдеп келеді. Аталған бағдарлама аясында көптеген ауыл тұрғындары тұрақты табыс көзіне ие болып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Соның жарқын мысалы Шыңғырлау ауданында іске асырылып жатқан жаңа жобалар.

Бағдарлама шеңберінде аудан бойынша жүздеген жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың кәсіпкерлікке деген қызығушылығы арта түсті. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған ауыл тұрғындарының бірі кәсіпкер Асхат Кабулов.

image-15-04-26-09-44

Асхат Кабулов 2025 жылы гүл өсіруге арналған заманауи жылыжай салу жөнінде жоба әзірлеп, мемлекеттік қолдауға ұсынған болатын. Биылғы жылдың ақпан айында жоба қолдау тауып, кәсіпкер өз ісін бастады. Қысқа уақыт ішінде құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, барлық қажетті инфрақұрылымды іске қосты.

image-15-04-26-09-44

Жылыжайдың ұзындығы 40 метр, ені 3 метрді құрайды. Нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, өсімдіктердің жақсы өсуіне барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда мұнда петуния, бархыт (бархатцы) секілді гүлдер отырғызылған. Бұл гүлдердің басты ерекшелігі құрғақшылыққа төзімділігі, күтімінің жеңілдігі және кез келген ортада жақсы өсетіндігі.

Аталған жоба аудан көлемінде гүл өсіруге бағытталған алғашқы бастама. Кәсіпкер алдағы уақытта жылыжай көлемін ұлғайтып, гүл түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, өнімді өткізу бағытында да нақты жоспарлары бар. Оның айтуынша, өсірілген гүлдер аудан орталығындағы сауда орындарына, мектептер мен балабақшаларға, сондай-ақ көгалдандыру жұмыстарына пайдалануға ұсынылады. Болашақта көршілес аудандарға және облыс орталығына шығару да көзделіп отыр.

Жылыжай өнімдері әсіресе көктем-жаз мезгілінде сұранысқа ие болмақ. Осы арқылы кәсіпкер тұрақты табыс көзін қалыптастырып қана қоймай, ауданның көркеюіне де өз үлесін қосуды мақсат етеді.

Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Сайда Бркенова бұл жобаға қатысты ойын білдіріп:

– «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының өз ісін бастауына үлкен мүмкіндік беруде. Асхат Кабуловтың жылыжай жобасы ауданымыз үшін тың бастама. Бұл тек кәсіпкерлік нысан ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Алдағы уақытта осындай жобалар саны артады деп сенеміз", – деп атап өтті.

Асхат Абайұлының жоспары көрсеткендей, жылыжай кәсібі – дұрыс ұйымдастырылған жағдайда тез табыс әкелетін сала. Қай жұмыстың болса да өз қиындығы бар. Жылыжай кешенін салу, жылыжайда өнім өсіру де – жаңашыл іс. Жаңашыл жұмыстың әр сәті өзгешелікке толы болады.Соған қарамастан, жұмыс үдесінен шығып,жылыжайға арнайы мамандарды да шақыртып,жұмыс ұсынды.Әсіресе, бүгінге дейін қаладан тасымалданып жүрген гүлдерге  деген сұраныс  жоғары болатынын ескерсек, бұл бағыттың болашағы зор екені анық.

«Ауыл аманаты» жобасының тағы бір тиімді тұсы несие пайызының төмендігі мен өтеу мерзімінің қолайлылығы. Бұл ауыл тұрғындарына қаржылық жүктемені азайтып, кәсібін біртіндеп дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жоба аясында кәсіпкерлерге кеңес беру, оқыту жұмыстары да жүргізіледі. Бұл өз кезегінде ауылдағы кәсіпкерліктің сапалы дамуына оң әсерін тигізеді.

Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Елдос Оразғалиев:"«Бүгінгі таңда ауылда шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттілер саны артты. Жаңа кәсіп ашамын деген ауыл тұрғындарының 2025 жылы   «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру аясында «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 10 жоба мақұлданды.«Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындары үшін шын мәнінде, ерекше қолдау болғанына сөз жоқ.

Жылыжай шаруашылығы тек бір отбасының ғана емес, тұтас ауданның дамуына ықпал етеді. Себебі мұндай кәсіп арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті өнім көлемі артады, сырттан келетін өнімге тәуелділік азаяды. Нәтижесінде  ауыл экономикасының нығаюына сеп болады"- деді.

Ендеше,"Ауыл аманаты" жобасы ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік. Әсіресе, жылыжай кәсібі сияқты бағыттарды дамыту арқылы халық тұрақты табысқа қол жеткізіп, тұрмыс сапасын жақсарта алады. Сондықтан мұндай жобаларды тиімді пайдалану әрбір ауыл тұрғыны үшін маңызды қадам.

Жалпы алғанда, «Ауыл аманаты» жобасы ауыл экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарып отырғанының куәсі болып отырмыз.Осындай нақты жобалардың арқасында ауыл тұрғындары табысын арттырып, туған жерін дамытуға өз үлесін қосары анық.Шыңғырлау ауданындағы алғашқы гүл жылыжайы соның айқын дәлелі.

Светлана Байтенова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале