Шыңғырлаудағы еңбек ардагері Александр Гайдаенконы білмейтін жан кемде-кем. Жалғызбасты қария кезінде ауданымыздың өсіп-өркендеуіне бір кісідей үлес қосқан еді.
Бүгінде қарттығын жалғыз өткізіп жатқан оны ауыл-аймақ, көрші-көлем жалғызсыратпай қолынан келген көмектерін беріп келеді. Жуырда Көкжайлау көшесінің тұрғындарымен кездесу жиынында ауданымыздың Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл ту» ордендерінің иегері Александр Гайдаенконың ауласын тазалап беру туралы өтініш түскенді. Осы өтінішті аяқсыз қалдырмаған Шыңғырлау ауылдық округінің жұмысшылары еңбек ардагерінің үйіне барып, ауласында бей-берекет өсіп кеткен талдарды кесіп, ауласын тазартып, жиналған қоқыстарды тиісті жеріне жеткізіп тастады. Өзіне көрсетілген көмекті көрген қарт ерекше көңіл күйге бөленіп, ауылдастарына алғысын жаудырды.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы