8.07.2021, 12:33
Оқылды: 258

Шыңғырлаудағы қорымда қазба жұмыстары аяқталды

Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты Ұрысай елді мекенінде маусым-шілде айларында үш аптаға созылған қазба жұмыстары аяқталды. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде экспедиция жетекшісі, өлкетану мұражайының археологиялық отрядының ғылыми жетекшісі Я.Лұқпанова аталмыш қазба жұмыстары жайында есеп берді.

Қазба

Қазба жұмыстары нәтижесінде біздің заманымызға дейін 2500 жыл өмір сүрген тайпа көсемдеріне арналған апаттық сипаттағы 3 қорым ашылды. Сонымен қатар сол заманда өмір сүрген тайпалардың тұрмыстық наным-сенімдерінен туған түрлі бұйымдар табылды.

«Адамдарды көму рәсімдеріне байланысты жаңа пайымдар мен әдістердің қыры ашылғандығы осыған дейінгі өткізілген зерттеу жұмыстарына жаңа сипат береді деген сенімдеміз. Оның үстіне бұл қазба жұмыстары нәтижесінде қазақстандық, тіпті, әлемдік сарматология ғылымына қосылатын тың деректер мен жаңалықтардың болатынына үміттіміз», - дейді экспедиция мүшелері.

Шарада сөз алған аудан әкімі Әлия Биғазықызы қазба жұмыстарын жүргізген экспедиция мүшелеріне алғыс айтып, игі істердің жалғасын таба беруін тіледі.

Сонымен қатар, өз есебінде Яна Амангелдіқызы жасалған жұмыстар легін айқындап, жоспарланған және атқарылған жұмыс есебімен де бөлісті. Экспедиция жетекшісі өз баяндамасында табылған құнды жәдігерлердің қай ғасырға тиесілі екендіктеріне қоса құндылығын да атап өтті.

«Әр жәдігер, әр сүйек арнайы мамандар мен антропологтардың қарауынан өткізілуі тиіс. Содан кейін ғана нақты әрі анық ақпарат бере аламыз» дейді ол.

Қазба жұмыстарына қатысқан жұмысшылар, суретшілер мен мамандар жұмыстың қызу әрі қызықты өткенін алға тартады.

 

Айбарша Лекерова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале