Тоғызқұмалақ - халқымызда кең тараған ақыл-ойды жетілдіру, ойша есептеу қабілетін қалыптастыру ойыны. Жалпы шығу тарихы да 4000 жылдан әріге кетеді екен. Ел арасында аңыз-әңгімелерде бұл ойынды қойшылар шығарған делінеді-міс. Тақта орнына жерді шұңқырлап ойық жасап, оны «отау» деп атаған. Оған салынатын тастарды қойдың құмалағынан сайлап, содан келіп «тоғызқұмалақ» атауы пайда болған екен. Бүгінде ұлттық ойындар қатарына енгізіліп, үлкен де, кіші де жақсы ермекке айналдырған бұл ойын түрінен ірі жарыстар, ауқымды додалар өткізіліп жатады.
Осындай, тоғызқұмалақ ойыны бойынша облыстық чемпионат Шыңғырлау аудандық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Шыңғырлау ауданы әкімдігі, БҚО дене-шынықтыру және спорт басқармасы, БҚО тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен жасөспірімдер арасында өтті.
Шырайлы Шыңғырлау төрінде тұңғыш рет облыс көлемінде ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев және БҚО тоғызқұмалақ федерациясы президенті Мұхтар Манкеев, тоғызқұмалақтан Батыс Қазақстан облысы федерациясының атқарушы директоры Данияр Исламғалиұлы қатысып, шараға қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Тоғызқұмалақтың «Классикалық», «Рапид», «Блиц» түрінде өткен облыстық чемпионатқа 9 команда, 170-ке жуық спортшы қатысты. Озық ойшылдар бақ сынаған үш күндік додаға қатысқан жеңімпаз спортшылар анықталды.
Орал қаласы, Сырым, Бөкейорда, Бөрлі, Жаңақала, Бәйтерек, Тасқала мен Қаратөбе аудандары және жергілікті тоғызқұмалақшылар қатысқан бәсекеде командалық есепте Орал қаласы командасы - І орын, Сырым ауданы - ІІ орын, Бөкей Ордасы - ІІІ орынды жеңіп алды.
Осы орайда тоғызқұмалақтың блиц түрінен шыңғырлаулық жасөспірімдер Айару Нариманова мен Ислам Бердіғалидың додаға түскендер арасынан ойып тұрып ІІІ орыннан көрінгенін мақтаныш сезіммен айта кеткен ләзім.
Нұрғали Сабыров,
Шыңғырлау ауланы