22.09.2020, 16:19
Оқылды: 187

Шыңғырлаулық оқушы республикалық конкурстан олжалы оралды

Жақында Шыңғырлау ауданы Алмаз ауылдық округінің оқушысы Алмагүл Жантуринова Алматы қаласында өткен республикалық байқаудан жүлдемен қайтты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерпаздармен қоса байқауға Ресей, Грузия, Түркия сынды алып елдерден жүзден аса өнерпаз қатысты.

IMG-20200921-WA0069

Жүзден жүйріктердің бірі болып біздің жерлес қызымыз Алмагүл алға суырылып, жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлады. Оның бойындағы талантын дамытып, жетістікке жеткізуге талпынып жүрген ұстазы әрі жетекшісі Гүлнар Төлегенқызы Алмагүлдің өте қабілетті, алғыр қыз екенін және болашақта алар асуы көп екенін айтады.

Бастапқыда Алмагүл «Мен де жұлдыз боламын!» атты онлайн-байқауға қатысып, Алматы қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама ұтып алады. Байқау Алматы қаласында ұйымдастырылып, оған басты тақырып Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы болады. Вокал, би, көркемсөз сынды бірнеше жанрды қамтыған сайыста Алмагүл Абай атамыздың шығармаларын нақышына келтіре оқып, баршаны тамсандырады. Жалпы өнерлі қызымыз бұдан басқа да сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда.

«Мен де жұлдыз боламын!» өнер орталығы 2 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Орталық талантты балаларға вокал, актерлік шеберлік курстары бойынша бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен қатар өнер орталығында балалар ән жаздырып, бейнебаян түсіріп, жеке концерттерін де беріп үлгерген.

IMG-20200922-WA0006

- Сайыстың басты мақсаты – Абай атамыздың шығармаларын кеңінен насихаттау және ұлттық құндылығымыздың дамуына үлес қосу. Байқаудың екінші кезеңінде өнерпаздар топтық өнер көрсетті. Жалпы байқау өте жоғары деңгейде өтті, - дейді республикалық байқаудың жүлдегері Алмагүл Жантуринова.

Айбарша Лекерова,

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале