Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев аудан тұрғыны, құрылыс саласының ардагері Лукьянов Виктор Семеновичті 80 жасқа толған мерейлі жасымен құттықтады. Ауданымыздың құрылыс саласына еңбегі сіңген қарт құрылысшының отбасында болып, шынайы ықыласы мен құттықтауын жеткізіп, туған күн иесінің иығына қазақы шапан жапты.
Бүгінгі жасампаз Шыңғырлауымыздың көптеген құрылыс нысандарын өз қолымен қалаған қарт шебердің еңбегі шынында да зор еді. 8 кластық біліммен- ақ еңбекке ерте араласқан кейіпкеріміздің өмір жолында құрылыстың «тас қалау» бағыты бойынша жүріп өткен ұшан- теңіз еңбек сапары жатыр. Құрылыста «тас қалаушылар» бригадасын басқарған оның нәтижелі жұмыстары көзкөрген замандастары үшін зор мақтаныш.
Азаматтық болмысы мен сабырлы мінезі, атақ-даңққа ұмтылмаған табиғи тазалығы әлі күнге білетіндердің аузында.
- Кезіндегі Кеңес Одағында тұрғын үй құрылысында бригадалық мердігерлік әдісінің бастамашысы ретінде танымал болған Николай Александрович Злобинның құрылыс әдісін енгізген Виктор Семенович екпінді еңбектің үлгісі болды. «Злобин әдісі» бір ауысымда 8 мың кірпішке дейін қалау әдісін қолдану тәсілі еді. Осындай жіті, екпінді еңбектің нәтижесінде ауданда құрылыс қарқынды жүрді, - дейді көп жыл қызметтес болған құрылыс саласының ардагері Сағынғали Имашев.
Еңбегінің жемісі - қос орден таққан азаматтың ғұмыр бойы қан тапсырып келе жатырған донорлық қыры да көп айтыла бермейтін тұсы. Бүгінде қадірлі зейнеткер, құрылыс саласының ардагері отбасымен, қыздары, немерелерімен Шыңғырлау ауданы орталығында мамыражай ғұмыр кешуде.
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы