23.12.2020, 15:37
Оқылды: 17

Шыңғырлаулық Сұлужан – дәстүрлі ән байқауының жеңімпазы

Жақында жерлесіміз Сұлужан Задігер республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Сұлужан бала кезінен домбыраға, әнге жақын өскен бала. Өз бойындағы талантты дамыту үшін Сұлужан саз мектебіне барған. Шыңғырлау аудандық балалар музыка мектебінің мұғалімі Аманғали Сатпанов баланың дәстүрлі әнге деген икемі, талпынысы бар екенін көріп, баулып келеді.

ән

Үлкен еңбек пен жауапкершіліктің арқасында Сұлужан «Атадан мұра» қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Тәуелсіздік – тұғырым» атты онлайн-шығармашылық байқауының жеңімпазы атанды.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған байқауға Сұлужан дәстүрлі ән бағыты бойынша қатысқан.

- Байқау онлайн түрде өткізілсе де, аздап қобалжыдым. Дегенмен өз-өзімді қолға алып, ұстазымның, ата-анамның маған артқан үмітін ақтауға тырыстым. Әсерім, әрине, керемет. Осымен тоқтап қалмай, болашақта бұдан да үлкен жетістіктерге жеткім келеді. Менімен жұмыс жасап, мені дайындаған мұғалімім Аманғали ағайыма айтар алғысым шексіз. Осындай ұстаздарымыз көбейсе, еліміздің әр бұрышындағы танылмай жүрген таланттар ашылады деп ойлаймын», - деп өз ойымен бөлісті жеңімпаз.

- Балаларға білім беріп қана қоймай, қолдан келгенше әр баланың бойындағы жігер, сенімділік, қайрат сынды қасиеттерді дамытқымыз келеді. Сол себепті балаларға тек мұғалім ғана емес, қамқоршы аға-апасы ретінде қараймыз. Сұлужанның талай биікті бағындыратынына, алар асуы әлі алда екеніне сенімдімін. Сондықтан Сұлужанды әрдайым қолдап, бар білгенімді үйреткім келеді. Абай атамыздың «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға...» деген алтын қағидасын ұстанып келеміз. Себебі әр баланың бойындағы талантын ашу – біздің басты міндет, - дейді ұстазы Аманғали Қайырғалиұлы.

 

Айбарша Аймырзақызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале